Салт атты экспедиция мүшелері Олжабай батыр кесенесі мен Бұйратау ұлттық паркінде болды - Кокше-Контент: Информационное Агенство
АймақАйшықты АқмолаӘлеуметҚоғам

Салт атты экспедиция мүшелері Олжабай батыр кесенесі мен Бұйратау ұлттық паркінде болды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтаннан Жидебайға бет түзеген салт аттылар сапардың екінші және үшінші күнінде «Қазақстанның сакралды картасына» енген киелі жерлерге табан тіреді.

Олар Сарыобадан Олжабай батырдың кесенесіне дейін 70 шақырым жол жүріп өтті. Экспедиция мүшелері кесенеге барып, зиярат еткеннен кейін Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов күтіп алды. Сыйлы қонақтарға дастархан жайып, құрметін көрсетті. 

Олжабай Төлебайұлы туралы тарихи дерек:

Әйгілі батыр (1709 – 1785 (кей деректерде 1783), Ақмола облысы Ерейментаудағы Сілеті өзен бойы) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақтың атақты батырларының бірі. Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары секілді батырлармен бірге тізе қосып, жауға қарсы талай жорыққа қатысқан. 

Абылай жоңғарлардың қолына тұтқынға түскенде, оны құтқаруға көмектескен батырдың бірі. Абылай оны Ер Олжабай, «Қу жарғақ»(атқан оқ Олжабайға тимегендіктен) деп атап, Әбілмәмбет хан оған алтын сапты қылыш сыйлаған.

Олжабай Абылай ханның мемлекет билігін орталықтандырып, нығайту бағытында елеулі үлес қосқан тұлға. Ол Түркістан медресесінде оқып, араб, қалмақ тілін жетік білген.

Академик Ә.Марғұланның естеліктерінде Олжабайдың немере інісі Едіге бимен бірге 1762 жылы Екатерина ІІ-ге хат жазғаны атап көрсетілген. Хатта патшайымнан Ертістің шығыс жағындағы қалың орманнан жайылымдық жер сұрағаны айтылады. Олжабайдың өз қолымен жазып қалдырған қара кітабы болған. Онда жорық жайлы әңгімеленіп,Қазыбек би, Абылай, Бөгенбай есімдері жиі аталады.

Батырдың туы 1937 жылға дейін сақталған. Әйгілі ғалымдар академик Ә.Марғұлан Олжабайдың шөпшегі болса, ақын О.Сүлейменов жетінші ұрпағы.

Олжабай Абылайдың ту ұстаған батырларының бірі (“Ала ту” деген лақап атқа ие болған) ретінде 1735 жылы Түркістан мен Ташкентті жоңғарлардан азат ету жорығына, 1736 жылы Баянауылды Қалдан Сереннен босатқан шайқастарға, 1756 жылы қазақ жеріне басып кірген қытай әскерін талқандауға қатысқан.

Оның ерлігі мен батырлығы танылған уақыт — Баянауыл баурайындағы қалмақтармен болған шайқасы. Сол жерде Олжабай жиені Жасыбаймен бірге қалмақтардың жолын тосып жатады. Жасыбай жасағымен Шойынкөлге өтетін асудың аузында, Олжабай Торайғыр көліне өтетін асудың аузында жатып, жау қолын күтеді. Бұлардың жол тосып жатқанын қалмақтар да біліп, қапысын тауып, Жасыбай қолына тосыннан келіп тиіседі. Жасыбай осы шайқаста қаза табады. Жай келгенінен хабарланған Олжабай көмекке ұмтылады. Ол жауды қоршап алып, таудың бір қуысына тығып қойып, қойдай қырады.

Сонда Олжабайдың сұсын көрген жолдасы Төртуыл Баймұрат батыр: «Енді сен дем ал, мұнда саған қарсы келер ешкім қалған жоқ. Қалған-құтқаны болса, маған сауғаға бермейсің бе?» — деп, атының сулығынан үстағанда, Олжабай: ‘’»Жасыбайдың бір бармағының да құны толған жоқ қой»’’ деген екен күрсініп. Кейін халық қапыда кеткен есіл ердің қүрметіне Жасыбайдың жау күткен асуын «Жасыбай асуы», Шойынкөлді «Жасыбай көлі» атап кетіпті. Ол жерлер бүгін де солай аталады.

Оның есімі  Орта жүзге ұран болған. Халық жырларында «Олжабайлап» жауға шапқанның жеңбейтіні болмаған. Үрей туғызатын ұранды пайдаланып, өзгелердің де жауға «Олжабайлап» шабатын кездері болған көрінеді.

                                                    * * *

Сапардың үшінші күнінде салт аттылар Бұйратау ұлттық паркіне жетті. Сәл аялдап, киіз үйдің ішінде жайылған дастарханнан дәм татты. Ән айтып, жырдан шашу шашты. Бұйратау дегеніміз — Ерейментау мен Сұңқар тауларының аумағында, Нұр-Сұлтаннан жүз шақырым солтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан табиғи саябақ.

Жергілікті тұрғындар саябақтың атауы таң атып, кеш батқанда күннің тау бөктеріне бойлап өскен орманға түсіретін сәулесінің әсерінен тау жоталарына бұйра көлеңкелер түсуімен байланыстырады.

Бұл жер бірқатар тарихи-мәдени орындары мен табиғи байлығымен ерекшеленеді. Саябақ Орталық Қазақстан таулы аймағында орналасқан, ал оның аумағы тау бөктеріндегі далалар, шатқалдар, аңғарлар, тік жартасты беткейлер және қазақтың дәстүрлі биік тауларын бейнелейтін терең шатқалдардан тұрады.

Саябақ 2011 жылдың наурызында тұмса табиғатты сақтау мақсатында құрылды. 

 

Подписаться
Туралы хабарлама
guest
0 Комментарий
Inline Feedbacks
View all comments
Back to top button