Принтерден шыққан киіз үйлер... «Көкшетаулық Арбаттың» тағы нендей тамашасы бар?! - Кокше-Контент: Информационное Агенство
АймақӘлеуметҚоғам

Принтерден шыққан киіз үйлер… «Көкшетаулық Арбаттың» тағы нендей тамашасы бар?!

Осыдан бірер уақыт бұрын, нақтырақ айтсақ, Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында көкшетаулықтар бөркін аспанға атып, «Пәлі, бізде де Арбат пайда болды!» - деп сүйінші сұрасқан еді.

Жағымды жаңалықпен бөлісуге асықтық. Бізбен қатарласып өңірдегі журналистер былай тұрсын, республикалық БАҚ өкілдері де жарыса жазды.

Жазбағанда. Технократтар заманының ұлы өнертабысы деп желімдеп жапсырылған қағаз QR-кодтар, баннерлік принтерден басып шығарған жарты лашық «киіз үйлер» кімді болсын тәнті етпей қоймас.

Көкшетауда Арбат ашудың да өз жөні бар еді. Мұны сол істің тізгінін ұстаған Ақмола облысы мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова: «Қолөнершілерде – сату, шығармашылық адамдарда-картиналар, әндер, өлеңдер айту, гитарада, домбырада, тіпті фортепианода ойнау» — деп шолақ сөйлеммен қайырды.

«Бақсам, бақа екен» демекші, алақайымыз көзбен көріп, қолмен ұстаған соң, сап тыйылды. Бірінші себеп – Арбаттың «Мобильді тумба-кітапханалары».

Ондағы QR-кодтың кез келгенін смартфон камерасына түртіп алсаңыз, тізімдегі қалаған кітабыңызды оқи аласыз. Заманның дамып кеткені осы болса керек… Алайда, сол көшпелі кітапханалардың қырық күндік кемдігі бар болып шықты.

Мәселен, Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романын оқиын деп QR-кодын скандасаңыз, Естай Мырзахметовтің «Медеті» шығып тұрады. «Медетті» оқиын десеңіз, мүлде басқа кітапты ұсынады. Кейбірінікі тіпті түсіп қалған. «Мұның бір сыры бар шығар» — деп тиісті басқармаға сауал жолдадық. Жауап хат алдық. Мақтап жазыпты…

Саяжолға араға ай салмай барып едік. Киіз үйлерінің «шаңырағына» өрмекші өрмек салып, «туырлығын» жел ұшырғанын көрген соң, Сағынайдың асындай дүркіретіп ашылып, дүйім жұрттың көзайымына айналған «Арбатымыз» ыстығы басылған келіншектей күйге түскенін аңғардық.

Ақмола облысы мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасы «Саяжолда орнатылған киіз үйлер облыс музейлерінің балансында, олар ол үшін жауапты» — депті журналисімізге берген ресми мәлімдемесінде.

«Саяжолда «Абай кітабы», «Билеп жүрген қыздар» фотозоналарын, QR-кодтары бар мобильді тумбалар-кітапханаларды көруге болады. Уақыт шектеулері де жоқ: қолөнершілер мен шығармашылық интеллигенция өкілдері бұл жоба демалыс күндері бола ма, әлде Арбат жұмыс күндері жұмыс істей ме, соны өздері шешеді. Саяжол облыс орталығының шығармашылық тұлғаларын тартатын орынға айналды».

Айгүл Сәбитова — Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы

Хош! Кім жауапты болса да, киіз, яғни полиэтилен үйлерді қалпына келтірген екен. Бірақ, ведомствоның редакциямызға жолдаған ресми жауабында сөз болатын «Абай кітабын» да, «Билеп жүрген қыздарды» да, «Мобильді кітапхананы» да, қаптап келетін «шығармашылық тұлғаларды» да саяжолдан кездестіре алмадық. 

Айтпақшы, «Көкшетау – Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы».

 

Қазақстанда 44 градус ыстық болады

 

Подписаться
Туралы хабарлама
guest
0 Комментарий
Inline Feedbacks
View all comments
Back to top button