"Періштеге де айнала алмадым..." - Сезім Мергенбай (ВИДЕО) - Кокше-Контент: Информационное Агенство
Руханият

«Періштеге де айнала алмадым…» — Сезім Мергенбай (ВИДЕО)

Еліміздің жас ақын-жазушыларының шығармашылығын насихаттауды жалғастырамыз. Бұл жолы назарларыңызға Сезім Мергенбайдың "сезіми" өлеңдерін ұсынамыз.

Сезім Мергенбай 2001 жылы 2 желтоқасанда Түркістан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген.

СЕЗІМДЕРДІ ЖОҚТАУ

Жылап отырып Құдайды еске алам,

Құдайды еске алам Құдайды.

Жанардан бұлай-бұлай жас тарам,

Шарап ішкен де ұнайды.

Ұнайды маған жек көрініштер,

Кектеніп іштен өртену.

Көз көзесінен көп төгілістер,

Жүйке тамырымды шертеді

еңкіл де еңкіл күй қылып.

Мінезді мүше шоқты үріп іштен,

Сала бастайды қиғылық.

Алай да дүлей дүбәрә халде,

Өліара кезген қаңбақтай

жүргенім жүрген.

Бірақ әлемге

сезімдерімді қорлатпай

Өлең жазғанмын,

Мола қазғанмын

Жұмыр етімнен қуықтай.

От жалмай салды о қағаздарды,

Сабан кемірген тұлыптай.

Шерім бар менің көзімде күлгін,

Сағынышым бар аһ ұрған.

Шетінеп кеткен сезімдерімнің

Басында аят оқыңдар!

Шетінеп кеткен сезімдерімнің

Басында аят оқыңдар…

(Ағузу…)

***

Тарамыс түн.

Тақуа таң.

Тылсым уақ.

Сәуле себер жер жаһанға шым-шымдап.

Түн сүйетін уыт әнеу кірпіктен,

Ада болмақ сусылдап.

Сонсоң қалт-құлт қалтыратып тізесін,

Түн мас күйі кете бармақ қорсылдап.

 

Көк сорлайды ерте сөніп жұлдызы,

Ел зарлайды көктей солып ұл-қызы.

Күн дерттенер,

Құрмет те өлер со күні

Есі ауысып атқан күнге қырмызы.

 

Дала кезген дәруіштей данагөй,

Қат-қат көкті асып,

Босып барады ой.

(«Жан тынышы – жұлыныңды үзу ғой.

Жер тынышы – мола ғой.»)

КЕЗБЕ

Шымкент – шіліңгір сезімдерімнің куәсі,

Зәрезап болған жанарымды аяп,

Сен де бір жылашы.

 

Мен сені аяйын,

Көз құрсағыңнан үзілген жасқа,

Өз төсімді әкеп жаяйын.

Жолымды тосып өкіріп тұрған,

Автобустарға отырмай.

Тротуарларды аяқ ізіме бояйын.

 

Кофе ішсем бе екен ащылау?

Шай ішсем бе екен тәттілеу?

Жанымды мынау жас шылар,

Осып алғандай тап біреу

Күй кешіп келе жатқасын

Жасымды жұттым ішіме

Жүрекке қалап көк тасын.

Шараптан ащы, шырыннан тәтті,

Жасымның буы бұлтқа ұшты.

Есімді алатын ыстық елестер,

Айналып жүріп сырт қашты.

 

Ойкезбе басым жүйесін тапты,

Жүйелі жолдар иесін тапты.

Қош келдім!

ӨЛІАРА

Уа, уақыт!

ілесе алмай саған қалып кетсем ғой,

Болып кетсем ғой беймәлім…

Жалған жатырын жарып кетсем ғой,

Бақұл боп кетсе ойларым.

 

Бәріне түгел талақ айтсам ғой,

Еркін болсам ғой сендей-ақ.

Апама марқұм бара қайтсам ғой,

Бара қайтсам ғой өлмей-ақ.

 

Сағынулардан мақұрым қалсам,

Жан маздамаса бейуақ.

Маңызы болмай шақырымдар сан,

Жалт берсем көптің гөйі қап.

 

Естеліктерден жат болып кетсем,

Сақтамай қатпар-қатпарын.

Жалған заңдарын ақтарып кетсем,

Төңкеріп кетсем тақтарын.

 

Шекті шексіздік сызығын қиып,

Сүйірлеп сызып кетсем ғой.

Дүниенің мынау қызығын қиып,

Бақұл боп кетіп,

жерлене қалса тепсеңде ой.

 

Періштеге де айнала алмадым,

Бата алмай тағы күнаға.

 

Жұт болмап еді қайда қалғамын?

Тәңірлі ме екен бұл ара?!

Қадірлі мекен бұл ара?!

ӨЛІАРА 2

Тоз-тоз етті кеудеден күлдіретіп,

Шақпақ дем мәпелейді.

Санам лоқсып, иегім дір-дір етіп,

Беймаңға жетелейді.

Сырға берік, Өліарам!

Мұңға жерік.

Отаны – уәжімнің.

Ағыл-тегіл аспанның құндағы еріп,

Құбылып, құлазырмын.

Бозғылт өң сұр даламен көрісіп қап,

түсіме сұр түс кірер.

Шер дендеген сезімді жел ұшықтап,

Төбемнен бұлт үшкірер.

Қойды үйіріп әлек қой қойшы ағалар,

Әлекпін ойды үйіріп.

Жынды қуған бақсыдай жай сабалар,

Өртіме май құйылып

Санам құсар көк тұман, көп күнәні,

Сезімдер қайта түлер.

Меккені жеті айналған жоқпын әлі,

Аңыз ғып айтатын ел

Мен сонда да қажымын.

«Мұхит болып толқимын үнсіз кейде…» — Мөлдір Райымбекова (ВИДЕО)

Подписаться
Туралы хабарлама
guest
0 Комментарий
Inline Feedbacks
View all comments
Back to top button