«Мұхит болып толқимын үнсіз кейде…» — Мөлдір Райымбекова (ВИДЕО)
Назарларыңызға өлең өлкесіне өзінше өрнегімен келген жас ақын Мөлдір Райымбекованың таңдамалы өлеңдерін ұсынамыз. Өлең жолдарындағы сәтті ойлары, өзіндік көзқарасы оқырманның көңілінен шығады деп ойлаймыз.
Мөлдiр Райымбекова 1992 жылы 4 қыркүйекте Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Тараз мемлекеттiк педагогикалық институтын тәмамдаған.
«ҚЫРЫҚ ҚЫЗ» ТАС МҮСIНДЕРI (аңыз желiсiмен)
Сыр шертсек өткен күннен, ғасырлардан,
Аз емес-ау опық жеген тасырлардан.
Сұм жауға айбат шеккен арулардың,
Мұз емес, тас боп қатып жасы қалған.
Елдiктi биiк қойып, ар-намысты,
Қырық қыз сұм дұшпанмен арпалысты.
Өрлiгi арулардың аңыз болып,
Қазақтың сахарасын шарлап ұшты.
Дұшпанның түспеу үшiн құрығына,
Халықтың дақ түспеу үшiн тұнығына,
«Мәңгiлiк қара тасқа айналдыр», – деп,
Қырық қыз хақ Тәңiрге қылды дұға.
Мезетте қабыл болып тiлектерi,
Тасқа айналды,
Жау бiрақ, дiр етпедi.
Соғып тұр тас кейпiнде бұл күндерi,
«Ел» деген өр қыздардың жүректерi.
Оралса ойға, еске сол мұнар күн,
Кеуденi шерлi сазға толтырар мұң.
Жел ессе нұрланады құз-жартастар,
Сылдыры елiткендей шолпылардың.
Асқақ шың «Қырық қыздың» тұғырындай,
Көз салу мүмкiн емес күй ұғынбай.
Өгемнiң толқындары тербеледi,
Өрiлген Қырық қыздың бұрымындай.
Сарқырап Сарқырама тасады әнi,
Көңiлге рахат сыйлап тау самалы.
Қыс келсе қатуланып тас мүсiндер,
Көктеммен қайта түлеп жасанады.
Уақыттың қашауымен қатпарланып,
Бара ма, тас шоқылар жақпарланып?!
Қайсарлық тұнып тұрған бейнелерде,
Қыз-ғұмыр, нәзiктiктiң жатқаны анық…
IЗДЕР
Көшелердiң бойында сабылысып,
Сан тағдырлар барады сағым құшып.
Бiр iз әне барады алып ұшып,
Жолдар әне тоғысты сағынысып.
Ұнай қойсын сарылып күту кiмге,
Нүктесiн де бiлмейсiң, үтiрiн де, –
Бiр iз әне барады iлбiп басып,
Күрсiнiсi шылымның түтiнiнде.
Ұғысқанда жүректер көздерiмен,
Үнсiз қалады екен ғой сөз де кiлең.
Салған iзi өшпейдi сезiмдердiң,
Қос аяқтан қалған iз өшкенiмен.
Шөлдедiң бе, жәутең көз, мейiрiмге,
Мейiрi жоқ «өмiрге» кейiдiң бе?
Бұйырары белгiсiз тағдырдың да,
Уы кiмге немесе сыйы кiмге.
Тербегендей даланы құстың әнi,
(Құс әнiне көңiл де құлшынады)
Топыраққа iз салып, алақанға,
Беймәлiмдеу бiр жаққа ұшты бәрi.
Алакеуiм шақ па едi, iңiр ме едi,
Белгiлiсi Мезгiл де кiдiрмедi.
ҚОҢЫР КҮЗДЕ...
Сұр тұманмен сұрғылттанып сары бақ,
Жел еседi, қара желдiң демi – сыз.
Қоңыр күзде қоңырайып, жабырқап,
Күтiп жүрмiн,
ненi, кiмдi белгiсiз…
Түрлi-түрлi түске енiп құбылып,
Жылт етедi,
жапырақтай бiр үмiт.
Жаңғырығы секiлденiп кеуденiң,
Iшкi дауыс күбiрлейдi құмығып.
Күрсiнiсiн сыңары етiп жанымның,
Күркiресiн аспан мейлi, күз мейлi.
Елесiне бойласа да сағымның,
Көңiл, шiркiн, еш күдерiн үзбейдi!..
КЕЙДЕ…
Себебі өзім бе, әлде тағдырым ба?!
Көңілім көп құмартып алды мұңға.
Мендік сезім ұқсайды маң далаға,
Малынғысы кеп тұратын таңғы нұрға.
Кейде ұқсайды буырқанған теңіздерге,
Теңіз мендей жанына ем іздей ме?!
Толқын болып тулаймын тағат таппай,
Мұхит болып толқимын үнсіз кейде.
Кейде ұқсайды жартастың жақпарына,
Бiр нәзiк сырды бүккен қатпарына.
Бұлт құрсаған аспандай күңiренем,
Жаңбыр болып жыласам тақпа кiнә!…
СӘБИЛЕР ЖЫЛАМАСЫН…
Сәби жатыр шарасыздан шырылдап,
Шырылында бар-ау, сiрә, мың сұрақ?!
Неге оны баламады бақытқа,
Неге жатыр бесiгiнен тым жырақ?!
Неге адастың жарық күнде, анасы?!
Нәрестеңнiң үнiнде бар наласы.
Керек оған алақаның аялы,
Мейiрленген құшағыңның саясы.
Селт етпей-ме, көңiлiңнiң ақ ары,
Ақ сүтiңнен неге айырдың баланы?!
Жәутеңдейдi маңайына көз салып,
Сенi iздеп жәудiреген жанары.
Әлдиiңмен жұбатпадың үн қатып,
Мейiрiмдi алдың ба, әлде, ұрлатып?!
Жылуыңды аңсап жатыр бүлдiршiн,
Көкiрегiңе тұрған жоқ па мұң батып?!
Қалды әне, қабағы да тұнжырап,
Ар-ұжданың қалай ғана тұр шыдап?!
Сенi iздеумен, сырт айналған, әкесi,
Перзентiңнiң жүрегi де тұр жылап!
Ол-ұрпағың, жалғаушысы тегiңнiң,
Қия басып, неге керi шегiндiң?!
Кiп-кiшкентай болып жатқан бұл сәби,
Келешегiң! Болашағы елiңнiң!
Ақмолалық спортшы Паралимпиада ойындарында алтын медаль иеленді