Бас консул Сэвидждің консулдық аймағына Алматы мен Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстары кіреді.
Бас консул қызметіне кірісу үшін бұл ерекше уақыт, себебі биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне отыз жыл толғалы отыр, әрі екі ел болып АҚШ пен Қазақстан дипломатиялық қатынасының отыз жылдығын атап өтудеміз. Әлі де қарқыны басылмаған пандемия да осы осы күні ерекше назарда және екі еліміздің COVID-19 індетіне қарсы бірлескен күресі АҚШ Миссиясының басымдылығы болып қала береді, — деді Сэвидж.
Кэролайн Сэвидж — қазақ тілін Қазақстанға келер алдында үйренген алғашқы АҚШ-тың Бас консулы.
Осы қызметіме дайындалу кезінде қазақ тілін аса қызығушылықпен оқыдым. Қазақ тілін ендігәрі Қазақстан халқымен байланысымызды тереңдетіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін қолдануға асықпын, — деді Бас консул.
Бас консул Сэвидж АҚШ Мемлекеттік департаментіндегі қызметін 2004 жылы бастаған. АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы болып тағайындалғанға дейін ол Вашингтонда орналасқан Жаһандық қоғаммен байланыс бюросының Шетелдік БАҚ өкілдері орталығын басқарған.
Вашингтонда қызмет еткен жылдары Сэвидж ханым Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей және Орталық Азия бөлімінің басшысы және Ресей бөлімінде Саяси, әскери және сыртқы істер кеңесшісі, сондай-ақ Джорджтаун Университеті Дипломатияны зерттеу институтының Вирджиния және Дин Раск атындағы стипендия иегері және зерттеуші болды.
Шетелде қызмет еткен жылдары Сэвидж Әзірбайжан мен Мозамбиктегі АҚШ елшіліктерінде Қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесші, АҚШ-тың Беларусьтегі елшілігінде Қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесші және консул, ал Люксембургтегі АҚШ елшілігінде Саяси және виза мәселелері жөніндегі қызметкер болған.