Байқаудың қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко «Лира» Рухия Байдүкенге «Славян базары» байқауының бас жүлдесін табыстады.
Рухия Байдүкен 1998 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Ол Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Эстрада және вокал» мамандығында білім алады. Оның дауысы төрт жарым октаваға дейін жетеді.
Мен өнерге бала кезімнен құштармын, отбасымда Байдүкен атам өнерге жақын болды. 4 сыныптан бастап Талдықорған қаласындағы Өнер мектебінде вокал сыныбында білім алдым. Қазір вокалдан сабақ беремін және менің оқушыларым – бір-біріне ұқсамайтын жеке тұлғалар. Оның арасында 5 жасар бала да бар, 30-дан асқан ересектер де бар. 22 жасымда ұстаздықты бірге алып жүру – үлкен міндет деп ойлаймын. Оның барлығы адамның өсуіне көмектеседі, – дейді Рухия Байдүкен.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Рухия Байдүкенованы «Славян базары» фестиваліндегі жеңісімен құттықтап, өнер жолында сәттілік тіледі.
2015 жылы бұл жүлдені осы жолы қазылар алқасында отырған Димаш Құдайберген иеленген болатын. Рухия қызымызды осынау жеңісті жетістігімен құттықтап, шығармашылық өнер әлемінде Димаш ағасының жолын берсін деп тілейік. Бүгінде қазақстандық өнер өкілдері халықаралық деңгейдегі түрлі жетістіктерімен елімізді әлемге танытып, биіктен көрініп жүргендері көңіл қуантады», — деді министр.
Байқаудың жабылу салтанатында өнер көрсеткен Димаш Құдайберген «Instagram» парақшасында Рухия Байдүкенді жеңісімен құттықтады.
Жарадың, алтын қарындасым! Жеңісті күндерің көп болғай! Алла қаласа сен үлкен жұлдыз боласың! Бүгін сен «Славян базарында» халқыңның мәртебесін асқақтаттың, әділ қазылар мүшесі болып отырған менің де мерейімді үстем еттің. Нағыз шынайы өнерге қызмет етіп, бәрімізді осылай қуантып алға баса бер, — деді ол.
Атап өтейік, «Славян базары» байқауы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. 2015 жылы бас жүлдеге Димаш Құдайберген ие болса, ал 2019 жылы – Әділхан Макин Қазақстан атынан қатысып, гран-при иегері атанған еді.