Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев Президентке өңірдегі ахуалды баяндады
Бүгін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, өңірдегі қазіргі эпидемиологиялық ахуал, облыстың әлеуметтік дамуы және алдағы жоспарлары жөнінде баяндады.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өңіріміздегі ахуал туралы баяндадым.
Телефон байланысы арқылы, Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, су тасқынының алдын алу шаралары, вакцина салу барысы, Аршалы және Целиноград аудандарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелері, Президенттің Қосшы ауылының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдық жағдайын жақсартуға қатысты бұған дейін берген тапсырмасының орындалу барысы жайында ақпарат бердім.
Бүгінгі таңда, облысымызда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін егу жұмыстары аяқталды. Вакцинация жұмыстарын жүзеге асыру үшін барлық жағдайлар жасалды, 1 298 медициналық қызметкерге вакцина егілді, екінші компоненттерді салу жумыстары жүргізулуде. Екінші кезекте «Спутник V» вакцинасының 3 700 дозаларының жеткізілімі күтілуде. 100 мың адамға вакцина салу жоспарланған. Эпидемиологиялық жағдай қалыпты, аурудың төмендеуі байқалады. Санитарлық эпидемиологиялық шектеу шаралары сақталуда.
Су тасқынының алдын алу шаралары аясында, облысымыздың 43 елді мекенінде алдын алу шаралары ұйымдастырылды. Жедел резервтер мен шұғыл шығындарға арналған резервте 1,5 млрд. теңге бар.
Облысымыздың 9 ауданында су тасқынының қаупі сақталуда, 7 ауданда және Көкшетау қ. мұз айдынында қопсыту жұмыстары атқарылды. Нұра, Жабай, Қылшақты өзендерінің арналарын аршу, жағалауларды нығайту, жақын орналасқан үйлерді оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.
«Сарыарқа» газ құбырына қосылу үшін газ тарату желілерінің құрылысы екі кезеңге бөлінді.
Аршалы және Целиноград ауданының 20 елді мекеніндегі 35 мың тұрғынды табиғи газбен қамтитын бірінші кезеңнің 13 жобасына жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленді. Сметалық құны 19,1 млрд. теңгені құрады. Барлық жобалар бойынша шарттарға қол қойылды.
Аршалы ауданында 2021 жылдың аяғына дейін жалпы 7 мың адамды қамтитын 12 елді мекенде 7 жобаны іске асыру жоспарланса, 2022 жылы – 4, 2023 жылы 2 жобаны аяқтау қарастырылуда.
Екінші кезекпен, Целиноград ауданында 95 мың тұрғыны бар 8 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарланған.
Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталып, кезең-кезеңмен 2023 жылы аяқтау көзделді.
Нәтижесінде, табиғи газға 130 мыңнан астам жерлесіміз қол жеткізе алады.
Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қосшы ауылына келіп, бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осы уақыт аралығында жекеменшік инвестицияларды тарту арқылы 600 орынды «Дара» мектеп-лицейі, 250 орынды «Балбала» балабақшасы пайдалануға берілді.
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру нәтижесінде, Р. Қошқарбаев атындағы №1 мектеп күрделі жөнделіп, жаңа оқу құралдары мен заманауи кабинеттермен жабдықталды. Сонымен қатар, 1200 орынды мектеп және ауысымында 100 келушіні қабылдай алатын емхана құрылыстары биыл аяқталатын болады. Жаңа 1200 орынды мектептің құрылысы басталды.
Кезекте тұрған азаматтар үшін 45-пәтерлі үй салынды.
Өткен жылы құны 2,7 млрд. теңгеге 21 шақырым тас жолы жөнделсе, ағымдағы жылдың соғына дейін құны 2,5 млрд. теңгеге 5,6 шақырым жол күрделі жөнделеді», — делінген облыс әкімінің ресми Instagram парақшасында.
Толығырақ Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Instagram желісіндегі парақшасынан көре аласыздар: https://www.instagram.com/ermek_marzhyqpaev/