Ақмола облысында «Жігіт сұлтаны» анықталды
Биыл елімізде Наурыз мейрамы ерекше тойлануда. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген тұжырымдамаға сай Ақмола облысында «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті.
«Жігіт сұлтаны» байқауынан бейнематериал: https://www.youtube.com/watch?v=4G7wkeN60Nw&t=3s
https://www.youtube.com/watch?v=rZtPzBoF2Kc&t=2s
Байқауды Көкшетау қаласы әкімдігінің жанындағы дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Көкшетау» мәдениет сарайы мен Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы бірлесе ұйымдастырды, Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасы шараға қолдау көрсетті.
Тартысты сайыста Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Егіндікөл, Есіл, Бурабай, Жарқайың, Зеренді, Қорғалжын, Сандықтау аудандары мен Красный Яр ауылынан, сондай-ақ Степногорск қаласынан келген 12 жігіт бақ сынасты. Байқаудың алғашқы күні қатысушылар жамбы ату, аударыспақ, кір тасын көтеруден бақ сынаса, сайыстың екінші күнінде жекелей сында өнер көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша 4 номинация тағайындалды. «Өнерлі жігіт» номинациясын зеренділік Ақылдас Семетай иеленсе, «Білікті жігіт» номинациясына Қорғалжын ауданынан келген Төрежан Бейсембеков лайық деп танылды. «Алғыр жігіт» номинациясын Егіндікөлден келген Наурызбай Әбдібай, «Білікті жігіт» номинациясын сандықтаулық Саят Жүзжасаров иеленді.
Байқаудың бас жүлдесі мен «Жігіт сұлтаны» номинациясы Красный Яр ауылының азаматы Манарбек Амангелдіге бұйырды.