13-16 маусым аралығында Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Young explorers-2022» зерттеу курсы өтті. Курс Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 8-9 сыныптарының 44 оқушысы мен 22 мұғалімінің басын біріктірді. Әр мектептен 2 оқушы мен 1 жетекші зерттеуге қатысты.
Курс жетекшісі – «National Geographic Society» жанындағы мұғалімдердің Консультативтік кеңесінің мүшесі Алисия Прэссел.
— Бүгінде жерде шашылып жатқан пластиктардың саны артқан. Бізді оның барлығы ақыр соңында өзендерге, көлдерге, теңіздерге барып ағылатыны алаңдатады. Сондықтан да біз ластанған жерлерді зерттеп, қарап, қосымша арқылы картаға түсіреміз, — деді курс жетекшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушыларға 4 күн бойы негізгі бағдарламадан бөлек, түрлі тренингтер, футболдан және волейболдан достық кездесулер, «Қазақтың 100 әні» жобасы аясында «Караоке Party», ән кештері, қызықты ойындар мен спорттық эстафеталар ұйымдастырылды.
Курстың алғашқы күнінде оқушылар Қопа көлінің жағалауына шығып, «Табиғатты аялайық» экологиялық акциясына қатысты. Жағалаудағы қоқысты жинап, сұрыптап, зерттеу жұмыстарын жүргізді.
— Осындай шаралар Қазақстандағы экологиялық мәселелерді шешуге үлес қосады деген ойдамын, — деп, сенімін білдірді Қостанай қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Зарина Мейрам.
Сондай-ақ, аталған шара барысында жас зерттеушілер Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы «Ақбура» демалыс орнына, «Бурабай» көліне, «Абылайхан» алаңына, Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы мұражайға, «Бұқпа» тауына экскурсияға шығып, жобаларына қажетті мәліметтер мен деректерді жинады.
— Балалар осы курстан кейін жүргізген зерттеу жұмыстарын ары қарай ғылыми жоба ретінде дамытып, жетілдіріп ұсынатын деңгейге жеткізеді деп ойлаймын. Болашақта оқушылар қоқыстың картографиясын да жасайды, — деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерболат Едрисов.
Шараның соңғы күнінде оқушылар 4 күн бойы жүргізген жұмыстарының нәтижесін шығарды. Әрбір топ өз жобаларын сәтті қорғап шықты. Курстың жабылу салтанатында қатысушылар мен мұғалімдерге сертификаттар табысталды. Оған қоса мектеп директоры Шырын Жумабекова Зияткерлік мектептің құрметті қонақтарына да естелік сыйлықтар табыстап, серіктестік үшін алғыс білдірді.