«WRO-2022 робототехникадан Дүниежүзілік олимпиаданың» өңірлік кезеңі Көкшетаудағы NIS-те өтті. Назарбаев Зияткерлік мектебі Ақмола облысы оқу орындарының озық ойлы оқушыларын қабылдады. Олимпиадаға 12-19 жас аралығындағы білім алушылар «негізгі», «Future Engineers», «шығармашылық» санаттары бойынша қатысты. «Шығармашылық» санаты бойынша сайысқа түскен әл-Фараби атындағы IT лицейінің 9-сынып оқушысы Алихан Аманжолов өз әсерімен бөлісті:
— Мен «Қауіпсіз қала» жобасын таныстырдым. Бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Қарсыластарым әлсіз болды деп айта алмаймын. Бәрінде де жаһандық мәселелерге бағытталған жобалар жасалған және спорттық роботтар да жоғары деңгей көрсетіп жатыр. Менің ойымша, біз әлемдік деңгейге енді-енді көтеріліп жатырмыз. Біздің болашағымыз, келешегіміз әлі алда.
Робототехниканың Ақмола облысында дамуы жайында мектептің информатика пәнінің мұғалімі, олимпиада төрешісі Мақсат Сыздықов айтып берді:
— Бүгін Көкшетау қ. NIS-те робототехникадан өңірлік сайыс өтті. Додаға Ақмола облысының түрлі қалаларынан қатысушылар келді. Олар керемет нәтиже мен жоғары деңгей көрсетті. Біз сан алуан мәселелерді шешудің түрлі жолдарының, жаңаша көзқарастардың куәгері болдық. Шарамызға қатысушы құрамалардың саны жыл сайын артып келеді. Біздің өңірімізде робототехника қарқынды дамып келеді. NIS – робототехниканы дамытудың көшбасшысы. Сондай-ақ, қаламызда «Болашақ сарайы», IT лицей сияқты оқу орындары пайда болып жатыр.
Өңірлік кезеңнен жүлделі орындарға ие болған білім алушылар республика көлемінде бақ сынауға мүмкіндік алады.