Көкшетау қаласындағы «физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде» дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы басталды. 2012 жылдан жүзеге асып келе жатқан экспедиция 6 күнге созылады. Жобаға 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша мектептің үздік деп танылған «Көкшетау» және «Алатау» шаңырақтарының 40-тан астам оқушысы қатысады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерболат Едрисов шараның ашылу салтанатында оқушыларға сәттілік тіледі:
— Өлкетанулық-зерттеу экспедициясының ашылуымен құттықтаймын. Сіздерді алда кербез Көкшенің көрікті жерлеріне, қаламыздың ірі өндірістік орындарына, Щучье-Бурабай курорттық аймағына экскурсиялар күтіп тұр. Осы жұмыстардың негізінде жаңа жобалар дүниеге келеді деп ойлаймын.
Оқушылар экспедиция барысында Көкшетау қаласының тарихи орындарына, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына, Қопа көліне, Бұқпа тауына экскурсияға шығады. Сондай-ақ, Мәлік Ғабдуллин атындағы мұражайға, Ақмола облысының мемлекеттік мұрағатына, Достық үйіне, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне, Балуан Шолақ атындағы Ұлттық спорт мектебіне барады. «Көкшетау минерал сулары», «КАМАЗ-Инжиниринг» және «Тыныс» акционерлік қауымдастықтарының жұмысымен танысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушыларға негізгі бағдарламадан бөлек түрлі тренингтер, қызықты ойындар мен спорттық эстафеталар ұйымдастырылады. Өлкетану-зерттеу экспедициясы 25 маусымға дейін жалғасады.