Осыған дейін Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық — драма театрының ұжымы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа хат жолдағанын айттық. Бұған «театр басшысы Мұратбек Үкібайұлының зейнет жасына толуына байланысты қызметтік орнын босатсын» делінген Мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитованың қолы қойылған хаты себеп болды.
Кейін аталған дауға, хатқа қатысты қарашаның 18-і театрдың көрермен залында Айгүл Сәбитова театр ұжымымен жиналыс өткізді. Қызметкерлердің айтуынша, Мәдениет басқармасының басшысы қойылған сауалдарға тұшымды жауап қайтара алмады.
Бүгін, қарашаның 30-ы Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында қордаланған мәселелерге байланысты баспасөз брифингі өтті. Күн тәртібіне екі мәселе қойылды: Ақмола облысының Мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының театр басшысы Мұратбек Оспановқа «зейнет жасына жетуіне байланысты қызметтік орнын босатсын» деген хатына театр қызметкерлерінің қарсылығы мен талап-тілегі; Ақмола облысының Мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасына жаңа басшы тағайындау талабы.
Жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мүсрәлімова, Мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Мұратбек Оспанов, театр ұжымы және қаланың өзге де мәдени ошақтарының қызметкерлері мен басшылары қатысты.
Әңгіменің әлқиссасы Мұратбек Оспановтың туған күнінде келіп түскен хат және театр басшысының өз қызметінде қалуы, иә қалмауынан басталды.
«Шынымен де, актерлердің үрейленетін жағдайы бар. Өйткені алда театр басшысы болып кім келеді? Ол театрды жетелей ме, желкелей ме кім біледі. Бұл үлкен сұрақ» , — деді театр актері Еркебұлан Маралбек.
Мәдениет саласының үздігі, театр актрисасы Маржан Бөкешева да басқарма басшысына аталған жайтқа қатысты сұрағын төтесінен қойды
«Айгүл Баубековна, егер Мұрат ағаның қызметінде қалуы сіздің құзырыңызда болса, егер заң бойынша әлі қалуға мүмкін болса, бұл кісінің кетуіне себеп не?», — деді ол.
Алайда театр ұжымы бұл жолы да нақты, түсінікті жауап ала алмады…
Шара ортасында театртанушы Нұрислам Әбділ театрдың бүгінгі жай-күйі, хал-ахуалы жайында пікірін білдірді.
«Бұл жерде бір кісінің адресіне байланысты айтылып жатқан әңгіме емес. Басты мәселе – біздің барлық облыстық өңірлерде осындай бір кедергілерден шыға алмай жатқан жылымық өмір сүріп жатыр қазір. Бірақ бұл, шынымен де, басшыны ауыстырған кезде өзгере қоюы мүмкін емес. Бұл жерде сіздердің өзгеріске деген құлшыныстарыңыз керек. Сырттан көркемдік жетекші, менеджер шақыртыңыздар, мастер-класстар өткізіңіздер», — деді Нұрислам Әбділ.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мүсрәлімова аталған мәселелерді басқарма басшысымен жеке отырып реттейміз деді.
Осы ретте дауға қатысқан заңгер Жаңқараш Шабданов өз кезегінде жиынның саудаға айналып бара жатқанын алға тартты.
«Мұратбек Оспановты қызметінен босату шешімінің қабылдануына не түрткі болды? Не үшін? Біз бұған жауап ала алмадық. Жауап болмаса, бүгінгі жиынның қисынға келмейтіні айдан анық», — деді заңгер.
Брифингтің қорытынды сөзін облыстық қазақ музыкалық — драма театрының директоры Мұратбек Оспановтың өзі айтты.
«Үлкен саясат өнерге араласқаннан кейін өнерде береке болмайды. Мені қызметімде қалдыра ма, қалдырмай ма… тіпті қалдырса да, мен кетем. Айтқаным айтқан. Сіздерге мың да бір рахмет!», — деді ол.
Айта кетейік, театр басшысының қызметінде қалуына қатысты толыққанды шешім әлі шыққан жоқ. Ал жоспарланған екінші мәселе жайлы айтуға өзге мәдени мекемелердің қызметкерлері мен басшыларының жүрегі дауаламады ма әлде басқарма басшысының қаһарына ұшыраймыз деп қорықты ма, белгісіз. Бірақ ол сұрақ талқыланбады…