"ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҒАДЫ АҢҒА..." - Кокше-Контент: Информационное Агенство
АймақҚоғамРуханият

«ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҒАДЫ АҢҒА…»

Бурабайда "Қансонар-2021" халықаралық турнирінің үздік құсбегісі анықталды. Сайысқа Қазақстан ғана емес, Венгрия, Түркия, Қырғызстан және Моңғолия елдерінен де танымал құсбегілер қатысты, деп хабарлайды Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлын еске алуға арналған «Қансонар-2021» турнирі аяқталды. 

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, аталған сайыс қазақтың ұлттық дәстүрлерін дәріптеп, онымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Себебі жыртқыш құстармен аң аулау — қазақ ұлттық спортының бір бөлігі.

Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев атап өткендей, бұл бәсеке 2017 жылы халықаралық мәртебеге ие болды. Оны Бурабай ауданында өткізу дәстүрге айналды. Бұл — осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған турнир.

«Бұндай шараны өткізу — өте өзекті. Себебі Қазақстан сан ғасырлық тарихы, ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бар ел. Біз бұны ұмытпауымыз керек. Біз өскелең ұрпаққа өзіміздің рухани байлығымызды насихаттап, отансүйгіштікке баулуымыз керек, — деді ол. 

Жарыс «Бүркітпен аң аулау», «Сұңқармен аң аулау», «Қаршыға салу» тәрізді сайыстар бойынша өтті. Дүбірлі дода үш іріктеу кезеңінен тұрды. Құсбегілердің құстары мен үстеріндегі аңшылық костюмдері бағаланды. Жарыстың басты бөлігі — жыртқыштардың еркін ұшуы және құсбегінің қолына қайта ұшып келуі болды. Сонымен қатар, шырға тартуға да көп көңіл бөлінді. Бұл кезең құстардың аңшылық қабілеттерін толық көрсете білді. 

Екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша Алматы облысының құсбегісі Бекнияз Қуанышбаев топ жарып, үздік атанды. Ол бас жүлде — автокөлік сертификатына ие болды. Маңғыстау облысынан келген Айшуақ Тайманов екінші, Алматы облысының қатысушысы Бүркітбай Жасұлан үшінші орынды иеленді. 

«Қаршығамен аң аулау» сайысында Нұр-Сұлтан қаласынан Серібекұлы Ерасыл жеңіске жетті. Екінші орын мен үшінші орынды Алматылық Сейітжан Аян мен Маңғыстаулық Ерұлан Кемелханов бөлісті.

«Сұңқармен аң аулауда» Қарағанды облысының өкілі Танат Оспанқұлов қарсыластарынан басым түсті. Екінші орынға Атырау облысынан Арман Құшқаров орналасса, Маңғыстаулық Айшуақ Тайманов үшінші орынды иеленді. 

Моңғолияда тұратын этникалық қазақ, әлемге танылған бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайып сайыстың құрметті қонағы ретінде арнайы шақырылды. Аңшылық өнерді ол 8 жасында әкесінен үйренген. Ол да өз кезегінде бұл турнирдің көрерменіне айналды.

Тәуелсіздікке тағзым жасалды

Подписаться
Туралы хабарлама
guest
0 Комментарий
Inline Feedbacks
View all comments
Back to top button