«Ұлы дала ұландары» көшпелі көрмесі өтті
20 мамырда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледжінде (Щучинск қ.) Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай «Ұлы дала ұландары» көшпелі көрмесі ашылды. Көрме Елбасы кітапханасының «Тұңғыш» экскурсиялық жобасының аясында ұйымдастырылды.
Экспозицияда Ұлы дала батырлары институтынан бастау алған қазақ сарбаздарының жауынгерлік ерліктерінің көп ғасырлық тарихын бейнелейтін тарихи, мәдени артефактілер ұсынылды.
Тарихи жадты сақтау, оның мұрасын қазақстандықтардың жас, болашақ ұрпақтарының зердесінде қайта жаңғырту – экспозицияның басты міндеттерінің бірі.
«Қарулы күштердің Жоғарғы қолбасшысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, 30 жылдық мерейтойында әскеріміз бүгін тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігіміздің мызғымас тірегіне айналып үлгерді. Қазір біз куә болып отырған әлемдегі жаһандық катаклизм мен геостратегиялық тұрақсыздық тұсында оның рөлі артып отыр. Сондықтан қорғаныс әлеуетін нығайту, әскери қызметкерлердің жауынгерлік әзірлігін арттырып, жан-жақты қамтамасыз ету – мемлекеттің алға қойған маңызды міндеттерінің бірі. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Қарулы күштерін одан әрі жаңғыртуға және қайта қаруландыруға бағытталған ауқымды реформа басталды. Бүгінгі іс-шараны Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжінде өткізуіміздің тәрбиелік және патриоттық мәні бар. Себебі кәсіби, қуатты, заманауи Қарулы күштерді құрудағы маңызды рөл әскери білім беру жүйесіне тікелей тиесілі», — деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
«Тұңғыш Президент кітапханасының басшылығы мен қызметкерлеріне маңызды көрмені ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін. Біздің әскери қызметшілер іс-шарадан үлкен әсер алып, әскери ерліктер және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылу тарихы туралы көптеген тың білімдер алғанына сенімдімін», — деді ҚР Қорғаныс министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледж бастығы Ербол Нұржанов.
«Әскери колледжде іске қосылған экскурсиялық жоба ұлы қазақ жауынгерлерінің есімін жаңғыртып отыр. Олардың ерлігін жадымызға түйіп, кейінгі ұрпаққа жеткізу – ортақ парызымыз. Бұл үлгідейгі іс-шаралар арқылы біз жастарды отансүйгіштікке баулып, аты аңызға айналған батырларымыздың, Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлерінің, қазіргі Қарулы күштердің тарихын зерделеуді жалғастырамыз», — деді Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев.
Кітапхана жинағының материалдары әскери қауіпсіздік саласындағы тарихи мұраны қайта жаңғыртып, қазіргі заманғы Қарулы күштерді құру призмасын, кешегі және бүгінгі батырлардың ерліктері арқылы қазіргі қазақстандық мемлекеттіліктің ретроспективті көрінісін қалыптастырады.
Көрме 3 бөлімнен тұрады.
1 бөлім – «Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы батырлардың рөлі мен орны» бөлімі Елбасы кітапханасының қорынан жасақталған материалдарды ұсынады. Олар батырлар институтының феноменін ашып, тарихи-мәдени тұрғыда жауынгер-батырлардың қалыптасу тарихын бейнелейді.
2 бөлім – «Ұлы Отан соғысының батырлары» бөлімі Ұлы Отан соғысы тұсындағы қазақстандық жауынгерлердің ерлігін бейнелейтін материалдарды ұсынады. Майдан даласында ерлікпен шайқасқан жерлестеріміздің 500-ден астамы Кеңес одағының батыры атанса, Т.Бигелдинов, С.Луганский, Л.Беда және И.Павлов екі мәрте Батыр атанды.
М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Х.Доспанова сияқты қазақ әйелдері ел тәуелсіздігі мен азаттығы жолында ерлікпен күрескен асыл жандар ретінде халық жадында мәңгілік сақталмақ.
3 бөлім – «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері» бөлімі келушілерді Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылу тарихымен таныстырады. Оның тарихы 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлықтан бастау алады.
Көрменің арнайы бөлімі Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледжі кіретін Қазақстан Республикасының әскери білім беру жүйесіне арналды.
Щучинск қаласындағы мектептердің курсанттары мен оқу озаттарына арналған үш аудиторияда «Қазақ халқының жауынгерлік мұрасы. Ер қаруы — бес қару», «Қару-жарақ әлемі. Кольттан Калашниковқа дейін», «Жоғары мойындау белгілері» тақырыптық экскурсиялары жүргізілді.