Көкшетаулық оқушы көшбасшылар форумында
Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мектептің өзін-өзі басқару президенттеріне арналған «Менің жауапкершілігім – біздің болашағымыз» атты көшбасшылар форумы өтті, деп хабарлайды Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.
NIS көшбасшылары үшін психология ғылымдарының докторы, SKILLFOLIO білім беру платформасының негізін қалаушы Виктория Шиманская, Джордж Вашингтон университетінің профессоры Данияр Қосназаров, Қазақстан-Корея клиникасының топ-менеджерлері және медицина ғылымдарының докторы Ғалымжан Тоғызбаевпен кездесу ұйымдастырылды. Екі күн бойы спикерлер мектептегі өзін-өзі басқару тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар көшбасшылық қасиеттерді дамыту және команданы басқарудағы жеке дағдыларды жетілдіру бойынша шеберлік сабақтары мен тренингтер өтті.
Пікірталас алаңында көшбасшылар «NIS оқушыларының патриоттық, зияткерлік, физикалық, мәдени дамуында өзін-өзі басқару ұйымының рөлі қандай?» тақырыбында баяндамалар жасады. Әр Зияткерлік мектептің көшбасшысы түрлі бағыттағы эксклюзивті жобаларын ұсынды.
«Көкшетау қаласындағы NIS оқушысы Диасәлі Кәрім «Адамгершілік тәрбиесі» бағыты бойынша оқушылардың өзін-өзі басқаруының қозғалтқыш рөлі ретінде» тақырыбында баяндама жасады», — дейді баспасөз хатшысы.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының өзін-өзі басқару көшбасшыларының форумы Алматы қаласында өтті. Республиканың барлық өңірлерінің NIS көшбасшылары зияткер жастардың мектеп қоғамдастығын дамытудағы рөлі мен орнын талқылау үшін бір алаңда кездесті.