Көкшетаулық оқушы 2 білім грантын ұтып алды
Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Президенттік олимпиаданың қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Муслима Асхатова.
15-18 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің базасында XIV Президенттік олимпиада өтті. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының білім додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 183 үздік оқушы қатысты. Қатысушылар жаратылыстану-математикалық цикл бойынша өз білімдерін ортаға салды.
Көкшетаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Рахат Ағасұлтанов аталған білім додасында қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар ол Сафи Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетінің, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан унивеситетінің білім гранттарын және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқуға 70% жеңілдік ұтып алды.
Айта кетейік, Президенттік олимпиаданың қорытындысы бойынша «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Үздік олимпиадалық команда-2021» атанды.