Көкшетау NIS оқушылары үздіктер қатарында! - Кокше-Контент: Информационное Агенство
ҚоғамРуханият

Көкшетау NIS оқушылары үздіктер қатарында!

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Caspian Startup-2022» халықаралық стартап жобалар байқауы өтті. Нәтижесінде, Көкшетау қаласындағы NIS оқушылары Асанәлі мен Диасәлі Кәрім, Жарасар Дәулет пен Дильназ Таспулаева жүлделі 2-орынды иеленді.

Аталған дәстүрлі байқауға Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түркменстаннан 120-дан астам жоба келіп түсті. Ақтық кезеңге қатысушылар «Болашақтың мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу» және «Туризм» номинациялары бойынша табысты өмір сүруді қамтамасыз ететін IT-стартаптарды ұсынды.

Көкшетау NIS оқушылары «Komek app» жобасын әзірлеп, сәтті қорғап шықты. Бұл – көмекке мұқтаж адамдар мен волонтерлерді біріктіретін сервис.

— Бұл сервис арқылы көмекке мұқтаж жандар мен волонтерлер бір-бірін «таба алады». Бұл қондырма көптеген іс-әрекеттерді анағұрлым жеңілдетті. Біз шын мәнісінде жақсы мобильді қосымша жасап шығардық, – деп атап өтті жоба қатысушысы Диасәлі Кәрім.

Жүлдегерлер өз жобаларына Қазақстан-Британ техникалық университетінің грантын және өзге де бағалы сыйлықтар иеленді.

— Стартап жобалар байқауында жоғары нәтижеге қол жеткізгеніміз бізді қуантты. Жобаны жасау барысында біз барлығын жан-жақты зерттедік. Біздің команда жүлделі орын иеленетініне сенімді болды. Себебі, топтың әрбір мүшесі іріктеу кезеңдерінен бастап-ақ барын салды. Ақтауда дайындықпен бірнеше ұйқысыз түндерді өткердік. Нәтижесінде, 2-орын иегері атандық. Шараны ұйымдастыру мен өткізілуі ұнады, — деді жоба жетекшісі Асанәлі Кәрім.

Айта кетейік, «Caspian Startup-2022» байқауының қатысушылары үшін Маңғыстау өңірінің киелі жерлеріне экскурсиялар, психологиялық тренингтер, шығармашылық шеберлік сағаттары мен спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Подписаться
Туралы хабарлама
guest
0 Комментарий
Inline Feedbacks
View all comments
Back to top button