Көкше өңірінде «атымтай жомарттығымен» танылған азамат, белгілі кәсіпкер, «Азия Агрохим» ЖШС директоры Борис Козлов жуықта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақмола облысы бойынша өкілдігінің өтінішін жерге қалдырмай, отыз күн бойы Ораза тұтқан жамағаттың ауызашарына қаржылай қолдау білдіріп, 3 миллион теңге аударды. Бұл туралы Борис Козловтың Facebook парақшасынан білдік. Сауапты іске атсалысқан кәсіпкер былай дейді:
«Құрметті ақмолалықтар! Сіздерді мұсылмандардың ұлық мерекесі Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Оразаларыңыз қабыл болсын!Мейірім мен ізгілікке толы, берекесі мол Рамазан айында бір-біріне қол ұшын созып, көмек көрсету сауапты амал. Сондықтан, баршаңызды қасиетті айда жақсылық жасауда жарысып, қоғамның дамуына үлес қосуға шақырамын!»
Естеріңізде болса, Борис Козлов бұған дейін де күрмеуі қиын мәселелерге араласып, қиындыққа душар болған жандарға көмегін аяған емес. Күні бүгінге дейін қаржылай көмекке зәру болған балаларға қол ұшын созды.
«Рухани Жаңғыру» бағдарламасы шыққан кезде кәсіпкер алғашқылардың бірі болып, Елбасы бастамасына қолдау білдіріп, Зеренді ауданындағы Уәли ханның мазарын салдырып, оған арнайы жол салғызу мен абаттандыру жұмыстарына қаражат бөлді. Бүгінде тарихи нысанға кез келген адам еш қиындықсыз барып, көре алады.
Сонымен қатар, Борис Козлов елжанды әрі ұлтжанды азамат ретінде Зеренді ауданына қарасты Қазақстан ауылындағы бірқатар проблемаларды шешіп, күні бүгінге дейін өсіп-өркендеуіне ықпал етіп келеді.
Қаңтар мен наурыз айларында Ақмола облысында 46,2 мың тонна ет өндірілді