28 маусым – «Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің» күні қарсаңында Көкшетау қаласындағы «физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде» аймақ журналистеріне құрмет көрсетілді. Қалам иелерін мектеп ұжымы мен оқушылар жылы қарсы алып, кәсіби мерекемен құттықтады.
— Кіреберістен-ақ бізді жай ғана құттықтау емес, толыққанды демалуға мүмкіндік беретін, бірнеше сағатқа өзіңнің журналист екеніңді ұмыттыратын керемет ойластырылған бағдарлама күтіп тұрғаны аңғарылды, — дейді «716.kz» ақпараттық порталының корреспонденті Оксана Матасова.
Журналистерге ең әуелі мектеп ғимаратының ішіне экскурсия ұйымдастырылды. Олар мектептің жабдықталуымен, техникалық базасымен, өзге де мүмкіндіктерімен жақынырақ танысты. Кәсіби мереке қарсаңында БАҚ өкілдерін қызу жұмыстарынан, ақпарат ағынан бір сәтке болса да тынықтыру мақсатында қызықты шаралар ұйымдастырылды. Олар осы кеште қолдарынан қаламдарын тастап, оның орнына қыш пен жүн алып, құмыра илеп, түрлі суреттер жасады. Облыстық «Kokshe» телеарнасының журналисі Жансұлу Жиенқұл әсерімен бөлісті:
— Бүгінгі ұйымдастырылған іс-шаралар журналистер қауымын бір серпілтіп тастады. Қышпен жұмыс істеп, қолөнермен айналыстық. Күнделікті стресстік жағдайларды ұмытып, өзімді бала секілді сезінуге мүмкіндік сыйладыңыздар. Құрмет көрсеткендеріңізге көп рахмет.
Мектеп оқушылары шағын концерттік бағдарлама ұсынып, келген қонақтарды қуантты. Есесіне, «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясының мүшелері де өздерін қызықтырып, толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. «Хабар» агенттігінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Аслан Абуталипов бұл кеште алғашқы рет қыштан құмыра жасағанын айтты:
— Концерттік бағдарлама мен сұрақтар бізді таң қалдырды. Осындай шараның қонағы болғаныма қуаныштымын. Балалармен сөйлесу, өз тәжірибеммен бөлісу мен үшін маңызды болды, — деді ол.
Шара соңында, Шерхан Мұртаза айтқандай, «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» осынау жауапты мамандықтың иелеріне мектеп директоры Шырын Жумабекова «Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесіне орай және табысты ақпараттық ынтымақтастық үшін» алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын табыстап, мерекемен құттықтады.