Автожолдардың сапасы ерекше бақылауда
2021 жылдың басынан бастап Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы Ақмола облыстық филиалының мамандары автожолдардың сапасын тексеру бойынша 248 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, құрылыс сапасы бойынша 620 ескерту анықталды, деп хабарлайды Жол активтері Ұлттық сапа орталығының Ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы.
Филиал мамандары тексеріс жүргізу барысында жол-құрылыс материалдарының 1193 сынамасын алды. Оның 349-ы сынаманың талаптарына жауап бермейтіндігі анықталды. Атап айтсақ, Республикалық маңызы бар автожолдарда іріктелген 19 сынама, облыстық маңызы бар жолдардан 142 сынама және аудандық маңызы бар автожолдардан 98 сынама нормативтік талаптарға сәйкес емес.
Сондай-ақ, облыстық маңызы бар қалалардың көше-жол желісінен алынған материалдардың 35 сынамасы, уәкілетті органдармен бірлесіп ұйымдастырылған тексерістерде алынған 23 сынама да талаптарға жауап бермейді.
«Филиалдың егжей-тегжейлі жұмысының нәтижелері бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына анықталған ескертулер туралы 7 ұйғарым жіберілді. Барлық анықталған ақаулар мен бұзушылықтар бойынша 127 миллион 389 мың теңге сомасына жол жабынын қайта орнату бойынша жұмыстар жүргізілді», — делінген хабарпамада.
Осы жылдың басынан бастап филиал кепілдік учаскелерінің диагностикасы және жалпы ұзындығы 2 227 км республикалық автомобиль жолдарының нақты жай — күйі бойынша өлшеулер жүргізді. Сонымен қатар, ұзындығы 212,6 км облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын диагностикалау және көлік–пайдалану жай-күйін бағалау бойынша аспаптық өлшеулер өткізді.
«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жол жүрісі қауіпсіздігінің деңгейі, жабынның тегістігі, геометриялық параметрлері және өзге де көрсетікіштер сарапталды», — деді орталықтан.
Айта кетейік, ақау анықталған учаскелерде жөндеу жұмыстарын жүргізуге және ақауларды жоюға қатысты филиал тарапынан ұсыныстар берілді.