5 ауданның Instagram парақшасы тек орыс тілінде жүргізіледі (ВИДЕО) - Кокше-Контент: Информационное Агенство
АймақӘлеуметБез рубрики

5 ауданның Instagram парақшасы тек орыс тілінде жүргізіледі (ВИДЕО)

Өткен жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілер мен облыс, аудандардағы әкімдіктерге халықпен жақын болуды тапсырып, заманауи коммуникация құралдарын қолдануға кеңес бергені сол еді, түрлі деңгейдегі әкімдер мен басқарма басшылары әлеуметтік желілерге тіркеліп, жергілікті халық пен билік арасындағы көпір орнатқандай болды. Алайда мұның өзі құр науқаншылдық пен құрғақ «есеп» емес пе деген ойға қалдық. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине.

Әңгімені әріден бастағанымыз тырнақ астынан кір іздеудің амалы емес. Қазір әр әкімдік ресми парақша ашып, облыс пен аудандардағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға есеп беріп жүр. Халық пен билік арасында диалог орнағандай көрінеді. Бірақ біз жерден іздегенімізді аспаннан табатын секілдіміз кейде. Оның бір мысалын айтайық. (Атын атап, түсін түстемей-ақ қоюды жөн көрдік). Жуырда бір ауданға қатысты жедел ақпарат іздедік. Таппадық. Ұшты-күйлі жоқ. Желіде жарияланған телефонға қоңырау соқтық. Ол да үнсіз. Instagram желісіндегі аудиториясы кең болғанымен, белсенділігі аз екен. Хат жаздық. Жауап ала алмадық. Әлгі парақшаға бір кіріп, бір шығып күтумен болдық. Содан не керек, «парақшада не жарияланған екен» деп таныса бастадық. Бірлі-жарым сурет, жазба және пікір… Ресми тілде ғана. Содан бір емес, әр ауданның парақшасын шолып көрдік. Қызық үшін. Қызықтың көкесін сол жерде аңғардық.

Ана тілімізде ақпарат таратуға кім немесе не кедергі?

Байқасақ, бүгінде 17 өңірдің барлығы дерлік Instagram желісінде белсенді. 12 аудан күнделікті ақпарат пен әкімдік жұмысына қатысты мәліметтерді екі тілде 50/50 қағидатына сәйкес жариялайтын болып шықты. Ал Facebook кеңістігінен таппадық. Өзге 5 аудан кез келген жазбаны ресми тілде (орыс тілінде) орналастыратын болып шықты. Атап айтқанда, Бурабай, Сандықтау, Ерейментау, Аршалы және Целиноград.

Тізімдегі соңғысын әзер таптық. Тапқанымызбен, парақшасына кіре алмадық. Жабық. Кейбір парақшаларда тіпті, пікір жазу функциясы алынып тасталған. Сонда жергілікті халық өз пікірін қайда қалдырады? Ойландырады, әрине. Тұтас бір ауданның барлық ақпаратын ресми тілде жариялаудың кімге яки не қажеті бар?

 Facebook мерекемен құттықтауға арналған желі ме?

Айтқандай, Facebook-ті де арнайы шолып шықтық. Шынын айтсақ, онда Бурабай ауданының әкімдігін ғана таптық.

Бір ақпараттың өзі араға бір ай салып жарияланып отырады. Жергілікті тұрғындар сол ақпараттың өзін бір ай оқитын болғаны ғой? Аудандардың әкімдігіне қарағанда, мәдениет үйі, кітапхана және мектеп парақшаларының көші ілгері тұр. Тағы бір қызығы – аудандық әкімдік парақшалары мерекемен құттықтайын платформа секілді. Көз сүрінеді. Әйтеуір, мереке сайын бар екенін білдіріп қоюдың амалын жасап жатқандай.

Әкімдіктер қашан ашық принципке көшеді?

Күнделікті статистика, іс-шаралар тізімінен басқа аталған парақшалардан ештеңе таппадық. Ашық сауалнама жүргізіп, жергілікті халықпен диалог орнататын әкімдікті сонда кім көріпті? Тым болмаса, өзекті пікірді де байқамадық. Соған қарағанда ондағы мониторинг сынға емес, жеке иммиджге ғана жасалып отыр. Аталған сынды түзеу үшін әлі бірталай уақыт қажет. Тек қынжылтатыны – Instagram-дағы ресми тілде жарқырап тұрған ақпарат, бәрінен тысқары қалып отырған ана тілі.

Ал Сіз бұған не дейсіз, қадірлі оқырман?..

Подписаться
Туралы хабарлама
guest
5 Комментарий
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Татьяна

По результатам мониторинга аккаунта акимата Сандыктауского района было выявлено, что данная страница не активна и отсутствует двуязычие. Сообщаю о том, что этот аккаунт давно не действует. Имеется действующая страница акимата как в Инстаграме так и в Фэйсбуке, на которой размещаются новости на двух языках.

Татьяна

Сандықтау ауданы әкімдігінің аккаунтын мониторингілеу нәтижелері бойынша бұл беттің белсенді емес және екі тілділік жоқ екені анықталды. Мен бұл есептік жазба ұзақ уақыт жұмыс істемейтінін хабарлаймын. Әкімдіктің Фэйсбукте де, инстаграмда да жұмыс істейтін парақшасы бар, онда жаңалықтар екі тілде орналастырылады.

Нурсулу

Целиноград ауданының әкімшілігінде екі ресми парақша бар біреуі тек қазақ тілінде ақпарат жарияласа, екіншісі өзіңіз көріп отырған орыс тілді.
Егер мақаланың авторлары тақырыпты мұқият зерттесе, осындай шу болмас еді. Таза провокация !

Гюзаль Садырбай

Целиноградский районный акимат ведёт официальную страницу, эта страница фейковая явно, не нужно публиковать непроверенную информацию, не только акимат, но и все отделы ведут официальные страницы на русском и казахском в инстаграме и фэйсбуке, публику актуальную информацию. в век цифровых технологий, мы в первую очередь не газеты открываем, а заходим в инстаграм и фэйсбук. Соц сети сейчас это движущая сила, на все рабочие моменты акимат Целиноградского района и отделы реагируют незамедлительно.

Целиноград ауданының әкімдігі

Құрметті Саян Есжан! Сіздің мақалаңызды оқып, әрине, біріншіден мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту және қоғамдық өмірдің барлық салаларында басшылыққа қою, әр қазақстандық азаматтың парызы мен міндеті екендігін баршамыз бір ауыздан қолдайтынымызды ескертеміз! Бірақ аудан қалалардың әлеуметтік парақшаларына мониторинг жүргізілген кезде, жалпы әлеуметтік желілерде көптеген көшірме парақшалар болатындығын есепке алмай, еш дәлелсіз, аудандардың істеген жұмысын сынға алып, жария еттіңіз. Мақалада көрсетілген Целиноград ауданының инстаграмм парақшасы бүгінгі тілмен айтқанда «фэйк» парақша екендігіндігін хабарлаймыз. Целиноград ауданы әкімдігінің нақты ресми аккаунты парақшасына өту үшін сілтеме жолдай отырып, мемлекеттік тілімізге, оның мәртебесін қолдау мен қорғау жолында аянбай қызмет етуге дайын екендігімізді растаймыз. Осыған қоса, Целиноград ауданының ресми сайты және фэйсбук пен инстаграмм парақшаларының жұмысы екі тілде жүргізілетіні жөнінде хабарлаймыз.

Целиноград ауданы әкімдігінің аккаунттары

Instagram парақшасында: https://www.instagram.com/selinograd_audanynyn_akimdigi/

Facebook парақшасында: https://www.facebook.com/profile.php?id=100024264437760

Целиноград ауданы әкімдігінің сайты: https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd?lang=kk

 Құрметпен Целиноград ауданының әкімдігі

Back to top button