Түс – түлкінің боғы
Көкшетаудың қақ ортасы. Жиналған жұртшылықтың тең жартысы «Ковид Қазақстаннан кетті» деп маскаларын аспанға атып жүрсе, келесі бір тобы әкімдіктің алдына тізіліп алыпты. Улап-шулап жатыр. Бір-ақ базынасы бар. «Үйде ауа жоқ. Қапырық. Қыстың көзі қырауда болса да, қазанда жүрген сияқтымыз» дейді. Сөйтсем, биыл жылыту маусымына ерекше дайындық жасалған ба, әлде жылуды таратып отырған мекемелердің бірі «қазандық қатып қалмасын» деп жылуды төпелеп жатыр ма, қаладағы 90% тұрғын-үй ысып кетіпті.
Содан не керек, бірнеше жиынға ғана киіліп, умаждалып, дәл қазіргі сәтте маған да, қоғамға да керексіз болып қалған маскамды қоқыс жәшігіне тастайын десем, жоқ! Ана жерге бір барам, мына жерге бір барам! Сенесіз бе, жоқ! «Өй, әкеңнің» деп, қалтама сала салдым да, әкімдікке асығыс-үсігіс зымырап бара жатқан адамнан: «Әй, мына қоқыс жәшіктері қайда кеткен?» десем: «Естімеп пе едің кеше ғана Көкшетау Қазақстандағы ең таза қалалардың рейтингінде көш бастап, қоқыс жәшіктерінен бас тартты. Енді үйдегі қоқысты жаңа технология арқылы контейнерге тастайсың, ол жұтып алып, қаланың сырт жағындағы полигонға жеткізеді» дейді. Аң-таң болып, сілейіп қалыппын.
«Әй, жарайды» дедім де, жұмысқа аяңдап келе жатсам, көшені басына көтеріп, дабыл сиренасы ойнаған полиция көлігі жүйткіп барады. Қайта-қайта арқамнан біреу түртпектеп жатқан сияқты…
Дүйсенбі – ауыр күн
Сөйтсем, түс екен. Телефонның оятқышы қайта-қайта шырылдап, келіншегім арқамнан түртіп жатыр. Өң мен түстің арасында ұзақ есінеп алып, дүйсенбінің таңында төсектен селсоқ күйде тұрдым. Бөлмедегі электрлі жылыту пешін күні-түні қосқан соң ба, аздап мұрыным бітіп қалыпты. Тәпішкемді сүйретіп, дәретханаға қарай тарттым. Ас бөлмесіне бір қарай салып едім, кеше түнде қазанда бұрқ-сарқ қайнаған еттен кейін терезе буланып, таң ата қырау қатып қалыпты. Көшенің сырт жағындағы жақтауы тіпті, мұз болып жатыр. Дәретханадан шығып, жуыну бөлмесіне беттедім, беті-қолымды жуып болғанша, бой қалтырап кеткен. Шамалы жылынып алайын деп, «Тefal»-ді қостым. Бір шыныаяқ ыстық шайды ұзақ сораптап, жұмысқа жинала бастадым.
Көшеге шықсам, есік алдындағы қоқыс жәшігінің аузы-мұрны толып қалыпты. Тіпті, Жаңа жылдан керексіз болып қалған тірі шыршаға дейін жатыр. Жәшіктердің оң жақ қапталында, жерде тағы бір қоқыстар үйіліп тұр.
Аяңдап жұмысқа тарттым. Түнде қар қалың жаумаса да, тазалық мекемелерін біраз әуре-сарсаңға түсірген секілді. Назарбаев даңғылының бойында жұмысшылар қарды қолмен күреп жүр, шамасы сәлден кейін «КАМАЗ»-дарға артып, қаланың сырт жағына шығаратын болуы керек. Абай мен Назарбаев көшелерінің қиылысымен титің-титің етіп, өткен аптада болған түрлі оқиғаларды еске түсіріп келемін. Ресей, Навальный, «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» Заң, жол-көлік апатына ұшыраған жерлес спортшымыз… Әрнені бір ойлап, ештеңені аңғармай қалған болуым керек, екі аяғым аспанға көтеріліп, гүрс етіп құладым. Шор боп біткен қалың мұзды байқамай қалыппын. Етік – тайғанақ, жол тайғақ. Дем ала алмай қалдым. Алпыс жас шамасындағы бір үлкен кісі келіп, тұрғызуға көмектесіп жатыр. Әлгі қар күреп жүрген көкелерімнің бірі темекісін тістеген күйі мырс етті…Үсті-басымды қағып-сілкіп, ғимаратыма кіріп кеттім.
Қала тазалығына кім жауапты?
Ақсаңдап жүріп, кеңсеге кіріп, сырт киімімді шешіп, жұмыс үстеліме сылқ етіп отыра кеттім. Жігіттермен ақылдасып, бүгінгінің «Басты тақырыбын» «Көше тазалығы» етіп, ойланбай-ақ жазуға кірістім.
Жылыту маусымының алдында қала тазалығы мен жылуға қатысты облыс әкімі әлеуметтік сала мамандарына қатаң тапсырма бергені есімде, ақпараттарды шолып отырсам, тура алты күн бұрын Ермек Маржықпаев коммуналдық қызмет басшыларын тағы бір сыбап алған көрінеді.
Қаладағы көше тазалығын арнайы мониторингтік топ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «Адалдық алаңы» кеңсесінің өкілдері мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» бақылауға алыпты. Бірақ, ресми орган өкілдері «бақылау жасады» екен деп көшедегі қардың барлығы өздігінен жойылып кетсін бе? Орталық көшелердің жиегінде үйіліп тұр. Соның бойында тұрған ағаштарды аяйсың…
Қала тазалығы үшін екі компания 3 жылда 2,4 млрд теңге алады
Жә, бірді айтып, бірге кетпей-ақ қояйын. Коммуналдық қызметке ескерту үстіне ескерту жасалып, жергілікті тұрғындардың сынына қалып жатқаны мен айтпай-ақ түсінікті.
Қазір облыс орталығының тазалығына екі бірдей мекеме жауапты. «Көкше-Тазалық» пен «ЗеренПлюс-2006» ЖШС. Олармен келісімшарт алдағы 3 жылға жасалыпты. Ал осы келісім-шарт аясында екі компания 2,4 млрд теңгені теңдей бөліп алады екен. Қысқы маусымдағы көше тазалығы үшін 200 млн теңгені қалтаға басады.
Біреудің қаржысын есептеуден қалтамыз томпия қоймас. Мұнымен айтпағым – күндіз-түні қардан тазалау жұмыстары жүргізіледі. Алдымен орталық көшелер, ал одан кейін қаланың өзге аудандарында қар күреліп, көліктер жөнелтіледі.
Тазалық жұмыстарына 63 дана техника мен 100-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. 25 жүк көлігі қарды қала сыртына тасымалдайды. Бүгінде 23 мың текше метр қар шығарылыпты. (Бірақ қарды кім келілеп өлшеп жатыр?)
Бұдан нені байқаймыз? Жыл сайын қала аудандары мен тұрғындарының саны да өсіп келеді. Жоғарыда айтылған көлік саны қар тазалығына аздық ететін секілді.Тазалық жоқ емес – бар. Алайда уақытылы емес. Түсінеміз, қыстың көзі – қырауда. Тазарту жасап, аяз бен боранға қарамастан жұмыс жүргізу қиынның қиыны. Бірақ Сіз бен біздің салығымыз арқылы қазынаға құйылып, қаржыландырылып отырған мекемелерді ұлғайтып, көлік пен жұмысшылар санын арттыруға не кедергі?
P.S: Бұл – сын емес. Уәж ғана. «Саян Есжан айтты» екен деп, қар еріп, жоқ болып кетпейтіні де белгілі. Осы тұста менің қояр бір ғана сауалым бар?
Көгерген жамбасқа кім жауап береді? Сынудан аулақ болсын дейік…
Саян ЕСЖАН