Жол саласы мамандарға мұқтаж
Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы Ақмола облыстық филиалы "1000 мектеп" акциясын өткізіп жатыр. Филиал мамандары аталған акция аясында "онлайн" және "оффлайн" форматта өңір мектептерінде кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп келеді, деп хабарлайды Жол активтері Ұлттық сапа орталығының Ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы.
Инженер Абылай Төлеуов бастаған облыстық филиалдың бір топ мамандары мектеп оқушыларымен кездесіп, жолшы мамандығы, оның артықшылықтары мен мүмкіндіктері және еңбек жағдайлары жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Мемлекет Басшысы еліміздің жол-құрылыс саласы мамандарына таяу жылдарға сапалы инфрақұрылымдық даму мақсатында ауқымды міндеттер қойды. Сондықтан жол саласы білікті, даярланған кадрларға мұқтаж. Олар — жол шеберлері, инженер-құрылысшылар, инженер-сметашылар, зертханашылар, асфальтбетоншылар, автогредеристер, механизаторлар, ресайклерлер, арнайы техника машинистері және тағы басқалары. Бұл — негізгі жол күштері. Бүгін біз жолшы мамандығын таңдай алатын талапкерлерге үлкен үміт артамыз», — деді Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы Ақмола облыстық филиалының жол инженері Абылай Төлеуов.
Сондай-ақ, мектеп оқушыларына автожол саласында жұмыс істеу үшін қандай оқу орындарында білім алуға болатындығы, қандай пәндер бойынша емтихан тапсыру қажет екендігі, осы салаға бөлінетін гранттар саны және стипендиялар мөлшері туралы бейнероликтер көрсетілді.
«Мемлекет болашақ жолшыларға жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін білім алу үшін көптеген гранттар бөледі. Шәкіртақы төленеді. Өздеріңіз білетіндей, студенттерге шәкіртақы 25 пайызға ұлғайтылды. Жол саласының түрлі мамандықтары бойынша 10 мыңға жуық грант бөлінеді. Біздің елімізде жол саласы бойынша мамандар даярлайтын 30-дан астам жоғарғы оқу орны мен 50-ден астам колледж бар», — деді Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының бөлім басшысы Александр Волков кездесу барысында.
Айта кетейік, акцияның міндеті — жол саласындағы маман тапшылығы мәселесін шешу мақсатында оқу ордаларында жол мамандықтары бойынша кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізу. Филиал мамандары алдағы уақытта да осы бағытта өзге де үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді көздеп отыр.