Айтса, сенгісіз. Алайда қазақстандық букмекерлер өткен жылы мол табыс пен үлкен олжаға кенелді. 2020 жылғы қаңтар айынан бастап құмар ойын ойнайтын жастардың қатары көбейді. Бұл туралы жуырда ғана http://finprom.kz/ хабарлады.
2020 жылдың алғашқы айынан соңғы тоқсанына дейін букмекерлік компаниялардың қалтасына 59,3 миллиард теңге түсіпті. Ал 2021 жылдың алғашқы айында абсолюттік рекорд орнады. Мұндай оқиға Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған. Пандемия кезеңінде құмар ойынға қызығушылар соңғы екі жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 6 есе өскен. Содан да болар, 1 жылдың ішінде букмекерлік компаниялар бәс тіккендердің есебінен 79 миллиард теңгеге байыды.
Сонымен 2020 жылы бәс тігетіндер қатары қай өңірде көп болды? Ресми дерекке сенсек, Алматы қаласы көш басында. Кәнігі құмар ойыншылар 12 айдың ішінде 57,2 миллиард теңгені бәске тіккен. Ал ұтысқа оның оннан бірі ғана кенелді. Екінші орында – Алматы облысы. Аталған өңір тұрғындары 12,2 миллиард теңгені желге ұшырған. Желге ұшты дейміз-ау?! Айналып барып, букмекерлердің олжасына айналып кеткен. «ТОП-3» тізімді елорда түйіндейді. Бас қала тұрғындары өткен жылғы қаңтар айынан Жаңа жылға дейін құмар ойындарға 4,5 миллиард теңге жұмсаған.Бас қаладан кейін букмекерлер қалтасын қампайтқан өңір – Ақмола облысы. Өңір тұрғындары 3,4 миллиард теңгеге бәс тігіп, ұтысқа түскен. Оның ішінде мол қаржыдан айырылып ұтылғаны да, заңды белшеден басып тұтылғаны да бар. Құмар ойындарға қызығып, миллиондарды оңды-солды шашқандардың тізіміндегі бестікті Жамбыл облысы түйіндейді. Аталған өңір тұрғындары 1,1 миллиард теңгесін бәске тіккен.
«Қазақстандық отбасы — 2020» жалпыұлттық баяндамасында көрсетілгендей, өткен жылы отбасылардың 5/1 ажырасуына құмар ойындар себеп болған. Мамандардың айтуынша, бәс тігетіндердің көбінде патологиялық тәуелділік бар.
«Букмекерлік кеңседе түнегендер көп»
Сандарды сөйлеттік. Статистиканы алдыңызға жайдық. Алайда, ресми ақпаратқа кей сәтте күмәнмен қарайтынымыз жасырын емес. Шынымен құмар ойынға қызығатындар қатары қаншалықты көп екендігін анықтау үшін бірнеше жерге жүгінуге тура келді. Алдымен, букмекерлік кеңседен бастадық. Компанияның менеджерлері арқылы қызметкерлердің бірін сөйлетіп, барынша молырақ ақпарат жинауға рұқсат сұрап алдық. Елордадағы ірі компаниялардың бірінде жұмыс істейтін Марат (Толық аты-жөнін құпия сақтауды өтінді) есімді касса қызметкерінің айтуынша, өткен жылы елімізде пандемия басталған уақытқа дейін келушілер қатары толассыз көп болды. Күніне кемінде 250 адам кеңсеге келіп, бәс тігіп отырған. Алайда қатаң карантин кезінде кеңселер жабылды. Бірақ букмекерлер бәс тігетіндердің жұмысын жеңілдетіп, арнайы қосымшалар арқылы бәс қабылдай бастады. Шыны керек, азартқа кіріп, азар да безер болғандарды да көрдік. Бір сәтте жалғыз матчқа 7 миллион тігіп, 90 минуттың ішінде одан айырылған адамның да куәсіміз. Арасында патологиялық тәуелділігі бар лудомандар да кездеседі. Бәстің заңды талабы мен шарты бар. Не ұтасың, не ұтыласың. Заңға қайшы емес, дегенмен «қып-қызыл олжаға кенелем» дегендердің жолы жиі бола бермейді. Тіпті, бірнеше тәулік ұйықтамай, тамақ ішпей, букмекерлік кеңседе қонып, бәс тіккендер бар. Бұл – букмекерлік кеңседе қызмет ететін Мараттың сөзі.
«Алғашқы бәстің бірінен 1 млн.теңге ұттым»
«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, екіұшты пікірмен түйіндей салмай, құмар ойындарға жан-тәнімен беріліп, сол тәуелділік дертінен айыққан адамды да іздедік. Ақыры таптық. Ерлан есімді жігітпен таныстық. (Е.М. есімін құпия сақтауды өтінді). Ақмола облысының тумасы болса да, елордада оқып, сол жақта қызмет етіп жүр. Ал оның оқиғасы қалай басталған? Баяндап көрелік.
8 жыл бұрынғы (Е.М. есімін құпия сақтауды өтінді) өмірі мүлде басқа еді. Елордадағы С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетін қызыл дипломмен бітіріп, үлкен өмірге тағы бір қадам жасаған тамаша кезең болатын. Сол жылдары олжаның «қызыл» ордасына алғаш рет бас сұғып, қып-қызыл ақшаның қызығына кірді. Бала кезінен футболды ұнатты. Жанкүйер болды. Өзі де футбол ойнады. Алайда қолдың қысқалығы мен үйінің тұрмыстық жағдайы аталған спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бермеді. Бірақ ол өміріндегі алғашқы миллионын осы ойын арқылы тапты.
Жоғары оқу орнында 3 курсқа көшкен кезінде достары қолқа салып, «Еуро-2012» турнирінің ойындары қыза бастағанда тамашалауға шақырып, букмекерлік кеңсемен таныстырады. Алғашқы ұтыс пен сәттілік оған мотивация береді. Бұл әсерден кейін ол жол-пұлын ақтайтындай стипендиясының әр тиынын, ата-анасы қалтасына салып отырған шағын ақшаны доп додасына бәске тігіп отырады. Бастапқыда Ерланның қолы жеңіл болған. Содан да шығар, Польша мен Украинада өткен дүбірлі турнирі оның бағын ашады. Бір айға жуық уақыт ішінде ұлттық құрамалар 45 ойын өткізеді. Ал біздің кейіпкеріміз сол 21 ойынның есебін дәл тауып, жоғарыда айтқандай, 1 млн.теңгені ұтып алады. Дүниені жалпағынан басып, өзге қызығушылықтарды ұмытады. Осылайша, бір жылдың көлемінде бірде ұтып, бірде ұтылып жүреді. Оқуын әзер аяқтап, диплом алады. Алайда құмар ойын өмірдегі жалғыз қызығушылығына айналып кетеді. Кейіпкеріміз «жұмыс істемей-ақ, пәтер жалдап, алаңсыз бәс тігіп, ақша табуға болады» деген ұйғарымға келеді. Алдымен бір банктен үлкен сомадағы несие рәсімдеп, сенбі-жексенбі күні өткізілетін Ағылшын Премьер Лигасы, Ла-Лига, Лига-1 ойындарына бәс тігеді. Жолы болмайды. Шағын несие рәсімдейтін кеңселерден тағы қарыз алады. Ұтылады. Қарызға белшеден батып, банктердің қыспағына түседі. Ақыр-аяғында ата-анасы мен туған-туыстары қиын жағдайға тап болғанын көріп, тәуелді болып қалғанын аңғарады. Елордадағы ең білікті деген психологтарға апарады. Бірақ одан нәтиже болмайды. Күндердің бір күнінде ата-анасы Алматыда анонимді амбулаторлық ем арқылы сауықтыратын білікті маманды табады. 4 курстан өтеді. Оған 360 000 теңге жұмсалады. Міне, сол уақыттан бастап, оның өмірге құлшынысы артып, құмар ойынды ұмытады. Қазір ол бас қалада шағын кәсіпкерлікпен айналасып, нәпақасын тауып жүр.
«Ұтылыстан кейін өзіне қол жұмсағандар бар»
Мараттың оқиғасын аяқтап, «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, қаузаған тақырыптың түйінін қою үшін «лудомания» яғни, тәуелділіктен арылтатын білікті маман іздестірдік. Алматы қаласынан таптық. Балнұр Оралбек есімді психолог маманмен ашық сұхбат құрып, бірнеше сағат бойы әңгімелестік. Оның айтуынша, біздің елімізде құмар ойындарға тәуелді жандарды емдейтін арнайы орталық жоқ. Психологтардың көбі анонимді түрде жұмыс істейді. Ал өзінің бұл саладағы тәжірибесі 6 жылға жуықтапты. Психолог маман өз бетінше лудоманияның даму сатыларын зерттеп, патологиялық сырқаты бар адамдарды сауықтырған.
«Қазіргі қоғамда адамдардың бестен бірі құмар ойынға бәс тігеді. Оның әртүрлі себебі бар. «Гэмблинг» — бәс тігетін адам. Онда материалдық, кәсіби, моральдық тіпті, отбасылық құндылықтар жоғалады. Лудоманиядан емдеу әдістері ХХ ғасырдың 1970 жылдары Англияда пайда болған. Жыл сайын жетілдіріліп, қазір біздің елімізге де келіп жетті. Соның теориясы негізінде психологтар түрлі практикадан өтті. Қазір Қазақстанда білікті мамандар. Бірақ саусақпен санарлық. Лудомания – ауру. Туабітті патология емес, уақыт өте келе қалыптасатын ішкі сырқат. Ғылым тілімен түсіндірсек, оның 3 сатысы бар. 1.Ұтыс сатысы – әлеуметтік гэмблинг; 2.Ұтылу сатысы – қарқынды гэмблинг; 3.Түңілу сатысы – проблемалық гэмблинг; Мұны емдеудің 3 әдісі бар. Бастапқысы — диагностика, екінші кезеңде — психотерапия, үшіншісі – психологиялық түзету. Міне, осы 3 әдістен толық өткен адам тәуелділіктен құтылады. Ал құмар ойыннан шыға алмағандар түптің түбі өзіне қол жұмсауы мүмкін», — дейді психолог.
Иә, құмар ойынға кіру оңай, шығу қиын. Жоғарыда айтылғандай, ресми статистика қоғамның бестен бірі букмекерлердің оңай олжасына айналғанын растап отыр. Бұдан бөлек, киберспорт, киберстриминг және тағы басқа да құмар ойындарды тізбектей беруге болады. Сонымен бүгінгі тақырыптан шығарар түйін қандай? Бабаларымыз айтқандай, «Еңбекпен тапқан мал артық», жеңіл ұтыстан оңай олжа аламын деп, құмар ойынның құрдымына кетіп қалмаңыз. Бүгінгі келтірген мысал – қазіргі қоғамның шынайы бет-бейнесін сипаттайды.
Сондықтан, ойланыңыз…