Өткен тәулікте 14 оқушы КВИ жұқтырды — А.Мусина
Бүгінде Ақмола облысының 13 мектебі оқушыларды қашықтан оқытып жатыр. Еске сала кетейік, облыстық Білім басқармасы ақпан айының ортасынан бастап бірқатар білім ордасын онлайн-режимге көшіруге мәжбүр болды. Облыстағы білім беру жүйесі мен эпидахуалға қатысты түйткілді мәселелер жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз жиынында Бас санитар дәрігер Айнагүл Мусина баяндап берді.
Өңірдегі Бас санитар дәрігердің айтуынша, Ақмола облысы қазір «сары» аймақта тұр. Мектеп оқушылары арасында КВИ анықталған жағдайда науқастармен байланыста болған шәкірттер ғана қашықтан оқытуға жіберіледі. Ал мектептердің өзі толықтай карантинге жабылмайды.
Сондай-ақ, ведомство басшысының айтуынша, бүгінде оқушылар арасында инфекция жұқтыру дерегі көбейді. Мәселен, бір ғана тәуліктің өзінде 14 мектеп оқушысынан коронавирус анықталды.
Атап айтсақ, Бұландыда – 4, Есілде – 2, Жарқайыңда -5, Бурабай ауданында 3 мектеп оқушысы қауіпті індет жұқтырды. Оның ішінде төртеуі штаттық режимде білім алса, 10 оқушы қашықтан оқытылды.
1 қаңтардан бастап оқушылар арасында 565 жұқтыру дерегі тіркелді. Коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша Көкшетау қаласы көш басында.(342) Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі жағдай өзгерген жоқ.