Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Игі істер күніне» арналған іс-шара өтті
18 наурызда «Ш. Уәлиханов атындағы КУ» «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенттерімен кездесу өткізді. Іс-шара барысында екі тарап ынтымақтастығы жайлы меморандумға қол қойылды.
«Наурыз» мейрамы қарсаңында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті қабырғасында «Игі істер күні» салтанатты іс-шарасы басталды. Медицина саласындағы студенттер арасындағы достық қарым-қатынасты орнату мақсатында «Медицина жастары» РҚБ вице-президенттері – Тілеубек Нұридін және Солтанай Жәнібек шақырылды.
«Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі «Жастар жылы» ашылған. Осы уақыт аралығында аталған бірлестік қыруар жұмыс атқарып үлгерді. Ұйымның негізгі мақсаты – медициналық ЖОО студенттері арасында еріктілер санын арттыру, медицина жастарының құқықтарын қорғау, медициналық білім беру саласын жетілдіру бағытында жобалар дайындау.
Бүгінгі отырыстың алғашқы бөлімінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі арасындағы ынтымақтастық жайлы келісімге салтанатты қол қою рәсімі өтті. Сонымен қатар, меморандум аясында медицина факультетінің ерікті студенттерінің стационарлардағы қызметіне көңіл бөлініп, COVID-19 қарсы алдыңғы шепте жүрген еріктілерге ерекше назар аударылатын болды. Меморандум аясында «Игі істер күніне» орай естелік сыйлықтар табысталды.
Ал екінші бөлімі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің медициналық факультетінде сағат 13:00-де тренингпен жалғасын тапты. Онда алғашқы көмек көрсету, жүрек соғысы және тыныс алу қызметтерін қалпына келтіру, қан кету кезіндегі әрекет алгоритмі, практикалық дағдылар көрсетілді. Тренинг соңында арнайы сертификаттар тапсырылды.