Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризмі федерациясының ұйымдастыруымен салт аттылардың көпкүндік экспедициясы бастау алды. Экспедицияның салтанатты ашылуы Ақмола облысының аумағындағы Бозоқ қалашығының орнында өтті.
Айта кетейік, бұл сапар – жуырда ғана ашылған Ұлттық ат туризимі федерациясының тұсаукесер сапары.
Экспедицияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық музейі, «Ботай» қорық-музейі қолдау көрсетіп отыр.
Салт аттылар сапараның ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков:
«Сапарға шығып бара жатқан азаматтар, жолдарыңыз болсын. Ат үстінде еңсеміз биік, әрқашан жолымыз болып, аман-есен жүре берейік», — деп экспедиция мүшелеріне ақ жол тілеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Сапар маусым айының 10-ы мен 30-ы аралығына жоспарланған. Әуесқой салт аттылар Нұр-Сұлтан – Жидебай бағытында 1000 шақырымды бағындырмақ. Бұндай ұзақ атты экспедиция еліміздің тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Бұл шараға «Argymak.kz» порталының бас редакторы, журналист, экспедиция мүшесі Ержан Жаубай жылы лебізін білдірді.
Атап өтейік, сапар барысында экспедиция мүшелері еліміздің 4 облысының 20-дан астам ауылына ат басын тірейді.
Бозоқ мемлекеттік музей қорығының директоры Сәуле Бөрібаева Ұлттық Ат туризм федерациясының ресми ашылуымен құттықтап, қатысушыларға сәт сапар тіледі!