Голливуд фильмдерінде ғана кездесетін сирек сәт дерсіз. Бірақ өткен жылдың ақпан айында Ақмола облысында осындай жағдай орын алды. Заңға бағынбай, құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық білдірген Жақсы ауданының тұрғыны 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
2020 жылғы 14 ақпанда сағат 15:00-де «Екатеринбург-Алматы» тасжолының 917 шақырымында «Қауіпсіз жол» акциясы барысында ақмолалық полиция қызметкерлері «Chevrolet Aveo» маркалы көлігін тізгіндеген 24 жастағы Жақсы ауданының тұрғынын тоқтатады.
Тексеріс кезінде жүргізушінің бұған дейін есірткілік заттарды қолданып, көлік тізгіндегені үшін Жарқайың аудандық сотының шешімімен үш мәрте жүргізуші құқығынан айырылғандығы анықталады.
Полиция қызметкерлері заң бұзған азаматты дереу Жақсы аудандық полиция бөлімшесіне жеткізіп, әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты хаттама толтырады. Хаттама толтыру барысында «Chevrolet Aveo» маркалы көлігінің иесі 40 жастағы Аршалы ауылының азаматы екендігі белгілі болады. Ал сенімхат тек туған қарындасына ғана беріліпті. Ұсталған азамат көлік иесі болмағандықтан тағы бірнеше бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде хаттама толтырылып, көлікті уақытша тұраққа қою туралы акт жасалады.
Бұл уақытта 24 жастағы азамат полиция бөлімшесінен қашып шығып, сыртта тұрған «Chevrolet Aveo» көлігімен жасырынуға әрекет жасайды. Іле-шала соңына түскен полицейлер тоқтатып, есікті ашпақ болады. Бірақ есігі құлыптаулы екен.
Жолын бөгеу үшін полиция қызметкері көліктің алдына тұрып алады. Сол сәтте басбұзар оны қағып өтеді. Қалай болғанда да тоқтатуға әрекеттенген құқық қорғау органының қызметкері көлік капотына шығып, қарсы әрекеттер қолданады. Осылайша «қылмыскер» қолға түседі.
Сот сараптамасы нәтиежесінде оның канабиод (марихуана) қолданғаны анықталады.
Ал ең қызығы барлық болып жатқан оқиғаны ол телефон камерасына түсіріп отырған. Тіпті, полиция құрықтаған кезде де телефоннан ажырамаған.
Аталған факті бойынша 24 жастағы азамат Қылмыстық Кодекстің 380 бабына сәйкес 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл үкім жуырда ғана шығарылып, заңды түрде кұшіне енді.