Қосшы ауылындағы ЖБО-да жаңа бейнебақылау жүйесі таныстырылды
20 қаңтарда елорда іргесінде орналасқан Қосшы ауылында жедел басқару орталығында соңғы үлгідегі жаңа бейнебақылау жүйесі орнатылды. Ақмола облысы Полиция Департаментінің бастығы, Генерал-майор Арманбек Баймурзин жаңа жүйенің техникалық мүмкіндіктерін тексеріп, Целиноград ауданының әкімі Бахидбек Оспанов пен БАҚ өкілдеріне таныстырды.
Жаңа жүйе онлайн режимде бақылау жүргізіп, қоғам тыныштығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Компьютер мониторында бір уақытта 182 бейнебақылау камераларын көруге болады. 66 камера «Лесная Поляна» ықшам ауданында орнатылған. Мектеп, дүкен және басты көшелер осы бейнебақылау арқылы тексеріліп отырады.
Камералар 500 метр қашықтықтан кез келген көліктің мемлекеттік нөмірін, сондай-ақ іздеуде жүрген көліктерді анықтай алады. Қысқасы, Полиция Департаментінің айтуынша, бұл заманауи үлгідегі ең соңғы технологияның бірі.
Өткен жылы Қосшы ауылында 2400 әкімшілік құқық бұзушылық және 316 қылмыс тіркеліпті. Ведомство өкілдерінің сөзіне сенсек, жаңа жүйе арқылы 70 000 халқы бар аймақта толық бақылау жүргізіп, тыныштықты қамтамасыз етуге болады.