Аймақ
Облыстық прокуратура негізсіз салық салу фактілерін анықтады
Ақмола облысы Жарқайың ауданының прокуратурасы кәсіпкерлерге салынатын салықтың заңдылығын тексерді. Нәтижесінде, прокуратура жеке кәсіпкер Б.Садуахасовқа Сәулет және қала құрылысы бөлімімен сыртқы жарнама орналастырғаны үшін негізсіз салық салынғандығын анықтады, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Бөлім қызметкерлерімен жеке кәсіпкер Б.Садуақасов өз ғимаратына «Қош келдіңіз!», «Б.Б.Садуахасов ЖК», «ГАЗ» деген жазуы бар электрондық баннерді орналастырғаны үшін салық төлеушілердің тізіміне енгізілген.
«Алайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкер көрсеткен мәліметтер сыртқы жарнамаға жатпайды («Жарнама туралы» Заңның 11-бабының 1-1-тармағы).
Заң нормалары кәсіпкерге жеке және заңды тұлғалардың атауын, сатылатын өнім түрлеріне қатысты мәліметті салық төлемей орналастыруға жол береді», — делінген хабарламада.
Прокуратураның араласуынан кейін кәсіпкер салық төлеуден босатылды.
Айта кетейік, осыған ұқсас негіздер бойынша тағы 5 кәсіпкерге төленген салық сомасы түгелдей қайтарылды.