Наурыз көже орнына «уха». Целиноград ауданы Наурызды қалай тойлады?
Бүгін – Ұлыстың ұлы күні. Қазақстандықтар Әз Наурызды еліміздің түкпір-түкпірінде хәл-қадірінше тойлап жатыр. Алайда Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты бірқатар облыстар мен қалаларда бұқаралық сипатта жиын өткізіп, тойлауға шектеу қойылды.
Дегенмен, аудан мен ауылдарда ұлық мейрам ұмыт қалсын ба? Жер-жерде қазан көтеріліп, наурыз көженің дәмін татып, жұртшылықтың арқа-жарқа болып жатқанын әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Ақмола облысының бірқатар аудандары өткізілген іс-шаралардың суреті мен бейнежазбасын сол желіге толтырып та үлгерді. Биылғысы бар, былтырғысы бар…Несін айтамыз, кәдімгі Наурыз тойын көріп отырмыз.
Басқасы басқа, елорда іргесіндегі целиноградтықтар биыл Наурызды ерекше көңіл-күймен қарсы алыпты. Соған қарағанда, Мемлекет басшысының «Биыл Наурыз мейрамы ерекше форматта атап өтілуі тиіс» деген сөзі қозғау болған секілді.
Әріден қозғамай, турасын айтайық. Целиноград ауданында «Туған өлкенің байлығы» атты қысқы балық аулау турнирі өтіпті. Сол сайыс Ұлық мейрамымызға арналыпты.
Не керек, жарыс жолына Талапкер, Ақмол, Қараөткел, Нұресіл мен Жаңаесілден ат арытып, талай шортанның тілін тартқызбай кеткен кәнігі «ақсақал-қарасақал» балықшылар жиналыпты. Үш сағат бойы қармақтың қапқанын күтсе де, олжаға кенелгендер аз болған көрінеді.
Жә, айтар ойымыз бұл емес еді. О заман да бұ заман, балық аулап, наурыз тойлаған қазақты қай уақытта көріп едік?! «Балығы тайдай тулаған» батыстықтардың өзі Көрісу қарсаңында балықтан алшақтап, көктемге сақтаған сыбағасын шығарып, қазан көтеріп, ас әзірлеген.
«Мейрам» екен деп болмашы іс-шараны ұлттық мейрамымызға таңудың не қажеті бар осы? Түсінеміз, қыс қаһарлы болды. Бірақ «мерзімі өтіп кеткен» сайысты Наурызға орайластыра салу оңайға түсті ме екен? Онысын түсіне алмадық.
Айтпақшы, «Туған өлкенің байлығы» атты қысқы балық аулау турнирі алғашқы рет өтіп жатқан жоқ. Бұған дейін 2019 жылы «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылыпты. Сол үшін ұйымдастырушылар біраз сынға қалған еді. (Турнирге қаржыны қатысушылар өздері берді ме, әлде жергілікті әкімдік тарапынан қолдау болды ма, оны да анықтау қажет.)
Сайыс соңында жеңімпаздар марапатталып, Мәдениет үйінің әртістері өнер көрсетіпті.
Кім біледі, биыл мүмкін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып тағы да ұйымдастырылып қалар. Оны әрине, уақыт көрсетер.
Бізге бір ғана жайт қызық болып тұр. Сонда Наурыз мейрамына орайластырылған балықшылар сайысында қатысушылар мен ұйымдастырушылар наурыз көженің орнына балық сорпасын (уха) ішті ме екен?
Ақпарат пен суреттер Целиноград ауданы әкімдігінің ресми сайты мен Facebook парақшасынан алынды: https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/176576?lang=kk
https://www.facebook.com/profile.php?id=100024264437760