«Науан Хазірет» мешіті жарылыстан зардап шеккендерге шұғыл көмек жариялады
Облыстық "Науан хазірет" мешіті жанындағы қайырымдылық қоры Шортандыдағы жарылыста қаза тапқандар мен жапа шеккен отбасыларға қаржылай қолдау көрсететін арнайы қор ашылғанын жариялады, деп хабарлайды "Көкше-контент" ақпарат агенттігі.
Естеріңізге сала кетейік, 16 қараша Шортанды кентінде Линейная көшесі 28 мекен-жайындағы үш пәтерлі тұрғын үйде газ баллоны жарылды. Салдарынан үш пәтерлі жеке үй өртеніп, оның бір бөлігі құлады. 3 адам оқиға орнында көз жұмды, тағы 10 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түсті. Кейбір зардап шеккендердің жағдайы ауыр.
6 адам (4 бала және 2 ересек адам) Нұр-Сұлтан клиникаларына жіберілді. Қалған төртеуі Шортанды кентіндегі аудандық ауруханаға жатқызылды.
Осы орайда облыстық мешіт қор ашып, шұғыл көмек жариялады. «Науан хазірет» мешітінің облыс имамының көмекшісі Дәулет Қайратұлының мәліметінше, қазіргі таңда 4 047 511 теңге қаражат жиналды.
Айта кетейік, жарылыстан бірер сағаттардан соң оқиға орнына облыс әкімі Ермек Маржықпаев келді. Оның тапсырмасы бойынша өңірде жапа шеккен отбасыларға қолдау көрсететін және жарылыс орнында зерттеу жүргізетін жедел штаб құрылды. Өңір басшысы ТЖ департаментіне оқыс оқиғаның себептерін анықтауды тапсырды.