Мың шақырымға шыдайтын аттардың тұқымы қандай? - Кокше-Контент: Информационное Агенство
ӘлеуметҚоғамРуханият

Мың шақырымға шыдайтын аттардың тұқымы қандай?

Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Елорда мен Жидебай арасындағы 1 000 шақырымдық сапардың алғашқы күні Саробаға ат байладық.

Алғашқы күні сапардың ұйымдастырушысы әрі көшбасшысы — Ұлттық Ат туризм федерациясының президенті Берік Ақылбековтың аттарының қыр-сырын, мінез-құлқын, аяқ алысын аңдыдым.

Сапар ақсақалы — Таңжарық Керімқұловты әңгімеге тартып әр аттың мінезі жайлы суыртпақтап сұрадым.

Берік Ақылбековтың есік пен төрдей «Граф» деген шұбар атынан бастады. Талай сапарға шығып, шыңдалып төселіп алған. Құдай қаласа, бұл ұлы сапарда да жолда қалдырмайды деген сеніміміз мол.

Одан кейінгі Argymaq.kz порталының Бас редакторы Ержан Жаубайдың астындағы Сұлу сары. Мінезді, үстіне бөтен адам мінгізбейтін, кісі талғайтын, ширақ жылқы. Үнемі көп топ алдында жүруді әдетке айналдырған жылқы. «Бұл — аттың төресі», — дейді Таңжарық аға.

Одан кейінгі, Байшұбар. Ол бүгінше операторымыздың астында ойнақтап отырды. Байшұбарды мен былтырғы Қорғалжын — Бозоқ сапарында мінгенмін. Жүрісі жайлы, жүрдек ат. Оның жер түбіне жеткізетінін білсем де, Таңжарық ағадан ат жайлы сұрадым. Құдай тіл мен көзден сақтасын, бұл өте намысты жылқы. Шапса, алдына қара салмайды. Озу үшін жанын аямайды дейді.

Ал, қалған жылқылар жайлы ақпаратты келесі кезекке қалдырдық.

Маған қызығы, Таңжарық ағаның астындағы өзім бұрын көрмеген көшелі, биік Ақбозат. Астанадан шыққалы құтырынып жүріп келеді. Бір қарасам, іші пысқан, өзін өзі қажап, жейтін қаны қызу ат. Бірақ, жылқыны жақсы танитын Таңжарық аға осындай сапарға осал ат мінбесі анық.

Қалай болғанда да аттарымыз арымай, ақсамай ойнап барып, ойнақтап келсе болғаны.

Айтпақшы, бұл сапарға мініп шыққан аттардың тұқымын көп адам сұрап жатыр. Олар мақтаулы «ағылшын», «ақалтеке», «орловский рысак» секілді аттар
емес. Бұл аталғандар мұндай сапарға шыдамасы анық. Біздің астымыздағы аттар ата-бабамыз мінген, осы ұлы даламызды қорғап қалған қазақы жылқылар.

Мерген Тоқсанбай.

Подписаться
Туралы хабарлама
guest
0 Комментарий
Inline Feedbacks
View all comments
Back to top button