Көкшетаудағы апатты үй тұрғындары биыл қоныс тойын тойлайды - Кокше-Контент: Информационное Агенство
АймақӘлеуметҚоғам

Көкшетаудағы апатты үй тұрғындары биыл қоныс тойын тойлайды

Бүгін Көкшетау қаласындағы Вернадский 11 мекенжайының тұрғындарынан құралған бастамашыл топ қала әкімі Бауыржан Ғайсамен кездесті. Шаһар басшысы апатты үй тұрғындары биыл қоныс тойын тойлап, жаңа үйге көшірілетінін жеткізді. «Тет-а-тет» кездесу Сарыарқа шағын ауданындағы үй құрылысы жүргізіліп жатқан нысанда өтті.

Өткен аптада «Kokshe content» Ақпарат агенттігінің тілшілері Көкшетау қаласындағы Вернадский 11 мекенжайының тұрғындарымен жүздесіп, мұң-мұқтажын тыңдап қайтқан болатын. Қазір аталған үй апатты жағдайда тұр. Дәлірек айтсақ, 1994 жылдан бастап «апатты» деп танылып, 2020 жылдан бастап төтенше жағдайдағы үй тізіміне енгізілді.

Облыс әкімдігі бұл жағдайды тікелей назарда ұстап, тұрғындардың баспанамен қамтылуы үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді. 2020 жылы облыс орталығындағы Сарыарқа шағын ауданында 60 пәтерлі екі үй салына бастады. Жоспарға сәйкес Вернадский 11 мекенжайының тұрғындары биылдан қалмай, жаңа екі үйге көшіріледі.

         

Бірнеше жыл бойы тиісті құжаттар әзірленіп, жоспар жасалып, тұрғындарды қауіпсіз жаңа үйге көшіру туралы нақты шешім қабылданды. Мұны бүгін Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса да растады. Оның айтуынша, құрылысқа облыс орталығындағы екі компания жауапты.Құрылыс қарқыны мен сапасы бақылауда.

         

«Салынып жатқан үй мен тұрғындардың жағдайын қалалық мәслихат хатшысы Серік Калишев бақылауда ұстап отырады. Құрылыс кешеуілдеп немесе кез келген қиын мәселе туындай қалса, жауап сол адамнан алынады. Ал үй құрылысы қалай жүргізіліп жатқанын әр адам кез келген уақытта келіп, көре алады. Қазір екі үй салынып жатыр. Екі қабаты аяқталып, құрлысшылар үшінші қабатын салуға кірісті. Қазір проблемалық мәселе көп. Бірақ оның әрқайсысы шешіледі. Нақтылап айтсам, осы екі үйдің алғашқысы 2021 жылғы тамыз айының басында пайдалануға беріледі. Ал екінші үй желтоқсан айының басында тапсырылады деп жоспаланып отыр», — деді қала әкімі Бауыржан Ғайса.

Вернадский 11 мекенжайының тұрғындарынан құралған бастамашыл топ қала әкіміне пәтерлер қалай бөлінетіндігі туралы да сұрақ қойды. Сауалға кездесуге арнайы келген Ақмола облысы Құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіров жауап берді.

«Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Салынып жатқан екі үйдің әрқайсысында 30 бір пәтерлі және 30 екі пәтерлі үй бар. Мәселен, жаңа үйдегі бір бөлмелі пәтер ауданы 44 шаршы метрді құрайды. Екі бөлмелі пәтер – 55 шаршы метр. Яғни, Вернадский 11 мекенжайында екі бөлмелі пәтерде тұрып жатқан адамдар пәтерінің шаршы метрі есептеледі. Жаңа үйлердің көлемі үлкен болғандықтан, екі бөлмелі пәтерде тұрып жатқан адамдар бір бөлмелі пәтерге қоныстандырылады. Алдағы уақытта тұрғындармен ақылдаса отырып, бұл мәселе де шешімін табуы тиіс. Келіспеушіліктер болса, оның да шешімін қарастырамыз», — деді ведомство басшысы.

       

Ал «Вернадский 11 мекенжайындағы жалпы тұрғындарымен кездесу қашан өткізіледі» деген сұраққа қала әкімі Бауыржан Ғайса «алдағы уақыт еншісінде» екендігін айтты.

«Қазіргі эпидемиологиялық ахуалды жақсы білесіздер. Әзірге халықты жинап, кездесу өткізетіндей мүмкіндік жоқ. Оған санитарлық талаптар да қайшы. Кейінірек кездесу өткізу жоспарымызда бар. «Достар» мәдениет сарайына халықтың барлығын жинап, нақты әрқайсысының проблемасын тыңдаймыз. Қазір Еуропа елдерінде пандемияның үшінші толқыны басталып жатыр. Біздің елімізге де оның әсері болуы мүмкін. Егер қауіпті індеттің үшінші толқыны Қазақстанға келсе, кездесуді тіпті ұзақ уақытқа шегере тұруға мәжбүр боламыз. Бірақ қандай жағдай болса да, халық баспанасыз қалмайды», — деді қала әкімі Бауыржан Ғайса.

Салынып жатқан екі нысан да уақытылы тапсырылып, апатты үй тұрғындары жаңа пәтерлерінде қоныс тойын тезірек тойлайды деген сенімдеміз. Бұл мәселе «Kokshe content» Ақпарат агенттігінің әрдайым назарында.

Ұлағатты ұстаз «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысып жатыр

 

 

 

 

 

Подписаться
Туралы хабарлама
guest
0 Комментарий
Inline Feedbacks
View all comments
Back to top button