Көкшетауда бір түнде екі қылмыс жасалды
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Ақмола облысында бір түнде екі қылмыс жасады. Ол автокөлік ұрлап, онымен жол-көлік оқиғасына түсіп, басқа автокөліктің терезесін сындырып, құжаттарды ұрлап кеткен, деп хабарлайды "Көкше-контент" ақпарат агенттігі.
Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетау қаласының криминалдық полиция қызметкерлері бұрын жасалған қылмыстарды ашты.
26 қыркүйекте кезекші бөлімге Красный Яр ауылының 26 жастағы тұрғынынан белгісіз адам оның «ВАЗ 2106» маркалы автокөлігін көлік тұрағынан айдап әкеткендігі туралы арыз келіп түсті. Шығын сомасы 400 мың теңгені құрайды.
Сол күні облыс орталығының 27 жастағы тұрғынынан көлік тұрағында тұрған «Daewoo Lacetti» маркалы автокөлігінен терезесін бұзу арқылы автокөлік құжаттары мен картхолдер ұрланғаны туралы арыз келіп түсті.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Солтүстік Қазақстан облысы Келлеровка ауылының 20 жастағы тұрғыны болып шықты. Мас күйінде маска киіп, 26 қыркүйегінде шамамен сағат 03:00-де ер адам «ВАЗ 2106» маркалы автокөлігінің терезесін сындырған, тұрақтан шығып бара жатып басқа автокөлікпен соқтығысқан. Ұрланған көлікті қалдырып, қаскүнем жақын жерде тұрған «Daewoo Lacetti» маркалы автокөлігіне жөнелді. Бұл машинаның да терезесін сындырып, ішіндегі құжаттарды ұрлап әкеткен. Содан кейін жол-жөнекей таксимен Келлеровка ауылына кеткен», — деді ведомстводан.
Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 200-бабының 1-бөлігі «Автомобильді заңсыз иелену» және ҚР ҚК-нің 384-бабының 2-бөлігі «құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді заңсыз алып қою, ұрлау, жою, бүлдіру немесе жасыру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Көкшетауда өтеді деп жоспарланған форум онлайн форматқа ауыстырылды