Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сауда үйінде болған 100-ге тарта адам қауіпсіз жерге шығарылды.
Кешкі сағат 20:33-те Ақмола облыстық Полиция департаментінің кезекшілік бөліміне жергілікті Төтенше жағдайлар департаментінен телефон қоңырауы келіп түседі.
Онда Төтенше Жағдайлар Департаменті қызметкерлері белгісіз адамның хабарласып, «Арбат» сауда үйіне «бомба» қойылғандығын жеткізеді.
Айтылған жерге жедел тергеу тобы, көліктегі және жаяу полиция қызметкерлері дереу жетіп, тексеру жұмыстарын жүргізе бастады.
Көп ұзамай «Kokshe content» Ақпарат агенттігінің тілшілері сауда үйіне жетіп, мән-жайды білмек болады. Алайда, тәртіп сақшылары сауда нысанының аумағын қоршауға алып, жарылғыш заттың бар-жоқтығы анықталып жатқандығын жеткізді.
Полиция қызметкерлері мен жарылғыш затпен жұмыс істейтін арнайы мамандар «бомбаны» іздестіріп, кешкі сағат 22:35-те «қауіп жоқ» екендігін анықтады. Жарылғыш зат туралы хабарлаған адам іздестірілуде.