Бас жүлде кімге бұйырды? (ВИДЕО)
Желтоқсанның 13-і Көкшетау қаласында ел егемендігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік - Тұғырым» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Жыр додасын Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтыстың мақсаты тыныштық пен бірлікті, елдің кешегі мен бүгінін, тәуелсіздіктің маңызын жыр жолдарымен өрнектеу болды.
Айтысқа танымал айтыскерлер мен арнайы шақырылған ақындар қатысты. Атап айтсақ, ҚХР Ерлан Аманқожа, Қырғызстаннан Асылбек Маратов пен Темірбек Мытыбаев, Нұр-Сұлтан қаласынан Әсем Ережеқызы, Батыс Қазақстан облысынан Мұрадым Мирланов, Қостанайдан Айбек Қалиев пен Тоба Өтепбаев, Қарағандыдан Айтбай Жұмағұлов, Павлодардан Аспанбек Шұғатаев және Ақмола облысының намысын Ерлан Дәулет, Абзал Жұмабек, Нұрмахан Жақыпбек қорғады.
Халықаралық айтысты жазушы, ақын Арман Бердалин тізгіндеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев, облыстық кітапхананың директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Құдайберлі Мырзабек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ерболат Баятұлы, филология ғылымдарының докторы, доцент Сәбит Жәмбек, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Алмас Темірбай айтыскерлердің өнерін бағалап, қазылық етті.
Айтыстың қорытындысы бойынша, Ақмола облысының атынан шыққан Нұрмахан Жақыпбек пен пен Ерлан Дәулет жүлделі 3-орынды иеленді. Оларға 500 000 теңге көлемінде ақшалай сертификат табысталды. Нұр-Сұлтаннан келген Әсем Ережеқызы мен ҚХР Ерлан Аманқожа 2-орынға және 650 000 теңге ақшалай сертификатқа ие болды. Қырғызстан Республикасының атынан келген Темірбек Мытыбаев 1 000 000 теңге және жүлделі 1-орынды ұтып алды. Ал Батыс Қазақстан облысының айтыскер ақыны Мұрадым Мирланов аталған жыр додасының жеңімпазы атанып, бас жүлде 1 500 000 теңгенің иегері атанды.
Айта кетейік, Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған өзге де мәдени, қоғамдық іс-шаралар өткізу жоспарланған.