Байғожинге кім қарсы?
2020 жылдың қыркүйек айында белгілі опера әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы басшылығына тағайындалғанын хабарлаған едік. Арада 6 ай өткенде «өз еркімен жұмыстан кетті» деген желеумен қызметінен босатылыпты.
Өңірдің шығармашылық жұмысына енді ғана белсене кірескен оның бұлайша аяқ астынан шешім шығаруы мүмкін емес. Яғни, «өз еркімен жұмыстан кетуіне» мәжбүрледі немесе тараптардан «орныңызды босатыңыз» деген «өзгеше өтініш» болды деген сөз. Бізге жеткен ақпаратқа сенсек, Байғожин басшылыққа келгеннен кейін филармонияның қордаланған мәселелерінің ішінен бірқатар «былықты» анықтаған.
Әрине бұл биліктегі біраз атқамінердің «оң жамбасына» келмеуі мүмкін. Іштегі індетпен күрескенше, шындықты айтып, сырттағы жара болайын деп тұрған жаңадан келген басшыны шеттете салған оңайырақ, әрине. Осыған орай заң орындары филармонияның кадрлық бөліміне тексеріс жүргізуге тиіс. Егер де белгілі бір себептермен заң бұзылса, қаржы қымқырылып мемлекетке шығын келтірілген болса тиісті адамдар жазалансын.
Сүндет Әбдірахманұлы басшылықта болған азғантай уақыттың ішінде өзі жетекшілік ететін «Жастар сарайының» жұмысын жандандыру үшін бірталай батыл қадамдар жасаған. Бұл да кейбір шолақ белсенділердің шымбайына батқан секілді. Ұжым ішінде шешілуге тиіс ұсақ мәселелердің өзі жергілікті әкімдіктің құлағына жетіп, ондағылар осындай қатаң шаралар қабылдаған. Қорғаны барлардың кесірінен, қолдағы барларын бағалай алмай отырғандарға не дерсің енді…
Қазір облыстық филармонияның ұжымы мен зиялы қауым өкілдері әлеуметтік желілерде Сүндет Байғожинді қолдап белсенділік танытуда. Петицияға қол қойып, жергілікті басқару орынына да жібермекші. Олардың айтуынша, білікті басшы өңірдің мәдени өміріне жаңа тыныс ала келген. Әріптестері әрі қарай да бірге жұмыс істегісі келетіндерін жеткізуде. Осы орайда облыстық мәдениет бөлімінің басшысы Ерлан Қалмақов мырза өзі «аттай қалап алғызған» маманынан қандай мін тапқанын да ашық айтса деген талап қоямыз. Өйткені, Байғожин стратегиялық маңызы бар шешімдерді мәдениет басшысымен келісе отырып қабылдады емес пе?!
Бауыржан Бөгенбай