«ҚАҢСЫҒАН ҚОҚЫСТАРДАН ТАБЫЛАРМЫЗ...» - Кокше-Контент: Информационное Агенство
ӘлеуметҚоғамРуханият

«ҚАҢСЫҒАН ҚОҚЫСТАРДАН ТАБЫЛАРМЫЗ…»

Қызылжарда қазақ зиялыларының ескерткіштері қоқыста шашылып жатыр...

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қызылжардағы мәдениет және демалыс саябағында тұрған қазақ зиялыларына арналған ескерткіштер қоқыста жатыр деген хабар күллі республикаға тез тарады. Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Қожаберген жырау сынды қазақтың шоқтығы биік тұлғаларының мүсіндері жаздан бері күл-қоқыста жатыр. Бұған жергілікті билік өкілдері бас қатырмаған сыңайлы.

Облыс орталығындағы қалалық мәдениет үйінің артындағы қоқыс алаңында ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің ескеркіштері тас-тұғырлары қирап, шашылып жатыр. Оларды орталық саябақтан алып тастау шешімін Петропавл қалалық әкімдігі қабылдаған. Алайда, жауаптылар әлі күнге дейін бұл жайтқа қатысты еш пікір білдірмеді.

2010 жылы Петропавлда қала күніне орай орталық саябақта ақын-жазушы, ғалымдарға арналған 34 ескерткіш орнатылған. Оларға бюджеттен 38 миллион теңге бөлінген. Бірақ, мүсіндердің 22-сі Қызылжарлық бұқараның сынына ұшырап, сол кезде-ақ алынып тасталды. Себебі, тұрғындардың айтуынша, ескерткіштер адам баласына ұқсамайтындай етіп мүсінделген. Сол кезде-ақ әкімдіктің бұл әрекеттері шаһар халқының ашуына тиген. Мәселен, қала тұрғыны Өмір Есқали ескерткіштерді ергежейлілерге теңеген:

«Сәбит Мұқановты және бір-екі адамды ғана таныдық. Қалғандарын тану өте қиын. Өз-өзіне ұқсамайды. Бірінің денесінен аяқ бітімі бөлек, біреуінің бойы ергежейлі», — дейді қоғам белсендісі.

Осылайша ескерткіштер авторына, мүсінші Қазыбек Сатыбалдинге қайтарылып, саябақта 12 ескерткіш қалады. Оның өзі ұзақ тұрмады. Биыл олар із-түссіз жоғалып кеткен.

Қалалық мәдениет үйінің алдында 6 ескерткіш 6 айдан бері қаңтарылып тұр. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды тұлғалар бейнеленген қалған алтауының қайда кеткені беймәлім…

«Ескерткіштердің астында тұрған тұғыры бүліне бастаған. Сондықтан мүсіндерді уақытша мәдениет үйінің алдына әкелдік. Оларды жөндеуге қажетті сома көлемі есептеліп, бюджеттен ақша бөлінеді. Бірақ әзір олардың қайда орналастырылатыны белгісіз. Қалған 6 ескерткіштің қайда кеткенін де білмеймін», — деді Петропавл қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Азат Ыбыраев. 

Ескерткіштердің қайда кеткенін әкімдік те, жауаптылар да, бұқара халық та білмейді екен…

Бүгінгі күні Мағжан Жұмабаев, Қожаберген жырау, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Федор Достоевский және Иван Шухов есімі жазылған тақтайшалар табан астында басылып жатыр.

Аяқ астында қалған артефактілерге бәрі бірдей немқұрайлы қарайды деу ағаттық болар. Ескерткіштерді өз қорғауына алғысы келетін халқының ұлдары бар. Әкімдіктен қайыр болмаса да, бұқара халық тек отырмаймыз деп, ескерткіштерді алып кетуге дайын отыр. Олар тек «Әкімдіктен заң жүзінде алып беруге көмектесіңіздер», — дейді. Сондай азаматтардың бірі – Есіл ауданы, Бұлақ ауылдық округінің әкімі. Болат Бейсенбаевпен хабарласып, сөйлесіп, мән-жайды білдік. Ауылдың әкімі, өз атынан да, ауыл халқы атынан да сенімді сөйлеуге тайсалмайды.

«Бір мүмкіндік болса, бұл ардақты тұлғаларымызды қоқысқа қалдырғанша, біз ауыл, ел болып саябақ орынын жобалап, жоспарлап отырмыз. Бізге беріңіздерші… Ең құрметті жерден орын тауып, қасқайтып қоямыз. Саябақтың ашылуын ендігі жылға жоспарлап отырмыз. Үкіметтің емес, халықтың, жеке кәсіпкерлердің ақшасына орнатамыз. Мүмкіндік болса, өтініш жасап, ескерткіштерді алып кетейік. Тіпті өз қалтамнан ақша шығарып, істеуге бармын. Алаш арыстары үшін «ДА КАНСА», соңына дейін барамын», — деп отыр ауыл әкімі.  

Осы тұста ақын Ілияс Жансүгіровтың «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген сөзі ойға оралады. Бүгінгі күннің ерлерін былай қойғанда, өмірден өткен ата-бабаларымыздың ескерткіштеріне тиісті деңгейде құрмет көрсетілмей отыр.

Қазіргі таңда қала халқы бұндай әрекетке жол берген әкімдік өкілдерінің жауапқа тартылуын талап етіп жатыр. Елі мен жері үшін еңіреп өткен ерлер ескерілмек түгіл, есімдері жазылған ескерткіштері елеусіз қалып, жерде жатыр…

«Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген Расул Ғамзатовтың ұлағатты сөзі бар. Ұлыларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Аталған мәселе әкімдік өкілдерінің назарына ілігіп, шешімін тапса, игі. Болмаса, бұл жұмысты бұқара халықтың өзіне атқаруға мүмкіндік берілгені абзал…

Қорғалжын тұрғыны ауылдасының 1491 орама шөбін өртеген

Подписаться
Туралы хабарлама
guest
0 Комментарий
Inline Feedbacks
View all comments
Back to top button