Аймақ
Ақмолалық спортшы Паралимпиада ойындарында алтын медаль иеленді
Давид Дегтярев Токиода өтіп жатқан Паралимпиада-2020 ойындарының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Жерлес спортшымыз пара пауэрлифтинг бойынша сайысқа қатысып, қарсыластарынан басым түсті. Ол 54 келіге дейінгі салмақта үздік атанды. Алғашқы мүмкіндігінде 170, екіншісінде 172, соңғысында 174 келі салмақты көтерді.
Екінші орынға француз Аксель Бурлон (165 кг) ие болса, грек спортшысы Димитрус Бакохристос (165 кг) Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.
Айта кетейік, бұл — Қазақстанның Токио паралимпиадасындағы алғашқы медалі. Биылғы паралимпиадаға Қазақстаннан 25 спортшы қатысып жатыр.
Атбасар қаласының тумасы Давид Дегтярев — 2021 жылғы Әлем кубогының иегері, Азия-2018 чемпионатының жүлдегері, 2018 жылғы Азия параойындарының күміс жүлдегері.