Ақмола облысының ең табысты ауылы. Родинадан репортаж.(ФОТО)
Қазақстанда сәулеті мен дәулеті жарасқан бір ауыл бар. Ол – Родина. Елордадан 70, облыс орталығынан 400 шақырым қашықтықта орналасқан ауылға көкшенің белгілі қоғам қайраткері Қайыргелді Әкімбеков жол бастап, «Көкше-контент» тілшілері осы бір ғажап мекенге барып қайтты.
Ауылға кіреберісте «Родина» Агрофирмасының директоры Иван Сауэр қарсы алды. Амандасып болған соң, ауылмен таныстыра бастады.
Репортаждың толық нұсқасы: https://www.youtube.com/watch?v=MWyMmDy2m2I&t=78s
Алдымен «Сапаржай», ал одан кейін жергілікті Полиция бөлімшесін көрдік. Одан кейін агрофирма басшысы ауылдың орталығына әкелді. Оның айтуынша, бұл еліміздегі ең қауіпсіз елді мекен. Шағын ғана ауылда 260 бейнебақылау камералары орнатылған. Сондықтан бірде-бір қылмыс тіркелмейді.
Мұнда Қазақстанның бірде-бір ауылында кездеспейтін нысандарға тап болдық. Ауыл ғой, әрине. Бірақ арнайы тұрмыстық заттар мен құрылыс материалдарын сататын ауылды бірінші рет көруіміз.
Сенесіз бе? Жаңа жыл қарсаңында осы дүкен иелері 5 млн теңгеге жуық табысқа кенеліпті. Әрі қарай ауыл орталығындағы супермаркетке беттедік.Иван Адамович тағы жол бастады. Жергілікті супермаркет желісімен таныстырды.
Шынын айту керек, бағаларын көріп таңғалдық. Сырттан келетіндер бір нанды 90 теңгеге алса, жергілікті тұрғындар 50 теңгеге сатып алады. Егер осы ауылда тұрсаңыз, сіз үшін мұндағы тауардың әрқайсысы 50 пайыз жеңілдікпен беріледі. Айтпақшы, бұл супермаркеттің бір айлық табысы 60 млн теңгеден асады.
Ауылдың әдемі әрі заманауи болуы Иван Сауэрдың ерен еңбегі. Өйткені, бұл азамат ауылдағы өндіріс пен кәсіпорынды бірегей жолға қойып, ауыл тұрғындарының разылығын алып отыр. Қысқасы, жыл сайын өсіп, үй саны да көбейіп жатыр.
Бүгінде Родина ауылының адамдары үшін жағдайдың барлығы жасалған. Орталықтағы ең айшықты нысан – Мәдени және демалыс орыны.
Одан әрі қарай жаңартылған ескерткіш. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналып қойылған. Тіпті, зообақ та бар.
Бір қызығы, бұл ауыл импорт дегенді атымен білмейді. Оның өзі тұрмысқа қажетті керек-жарақ қана. Қалған өнім, өндірістік тауар, кез келген бұйым осы ауылдан шығады.
Бүкіл Қазақстан танитын Родина ауылының негізгі тірегі – «Родина агрофирмасы». Қазір бұл ауылда шамамен 1700-ге жуық адам өмір сүреді. Оның әрқайсысы жергілікті жерде жұмыс істейді. Әрқайсысының орташа айлық еңбекақысы – 230 000 теңге. «Родина агрофирмасы» Қазақстандағы ең үздіктер қатарында. Содан да болар Иван Адамович басқарып отырған өндіріс орыны мен шаруашылықты қарапайым халықтан бастап Елбасы, Мемлекет басшысы, министрлер әлдеқашан мойындаған. Қазір ауыл өндірісі өркенді.
Мұның барлығы 1987 жылы басталды. Сол жылы Иван Адамович Родина совхозының директоры болды. Ал одан кейін жергілікті ЖШС-ны басқарды. 1994 жылы Родина совхозы пилоттық жоба бойынша жекешелендіріліп, алғашқы жеке шаруашылық болып, күні бүгінге дейін басқарып келеді. Мұны Елбасының өзі мақұлдаған. Қазіргі көрсеткішке қарасақ, еліміздегі ең озық екенін байқаймыз.
Қазір ауыл маңында 50 мың гектардан астам егістік жерлер бар. Мал азығы сырттан алынбайды. Мұның барлығы осы ауылда дайындалады. Соның арқасында шаруашылық өз-өзін қажеттінің барлығымен қамтамасыз етіп отыр.
Родинаның бағдары айқын, болашағы анық. Агрофирма қуаттылығы жөнінен алдыңғы қатарда. Аталған шаруашылық суармалы егістікке де көңіл бөліп, өнімділікті арттыруды көздейді. Агрофирма басшысының айтуынша, Родинаның ауқымы кеңейіп, болашаққа нық қадам басып келеді. Оны алынатын және дайындалатын өнімнің сапасынан байқауға болады.
Егістіктен әкелінетін өнім түрлерінен бөлек, қазір «Родина агрофирмасында» 6 мыңнан астам бас ірі қара бар. Сиырлардың екі мыңы сауынды. Ішінде шетелден арнайы әкелінген асыл тұқымды түрлері де кездеседі.
Бүгінде Родинадан шығарылатын сүт өнімдері тікелей ауылда дайындалып, Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіледі. Осылайша еліміздің әр тарабына тарайды. Дүкен сөрелерінен сүт, айран, қатық, йогурт және тағы басқа да өнімді таба аласыз. Күнделікті бұл жерде 55 тоннадан астам сүт өндіріледі.
Ауылдың шөбі шүйгін, тіршілігі берекелі. Жайылымға да ыңғайлы. Соның арқасында сүт өндірісі ұлғайып, көбейеді. Ең бастысы – сапа әрине.
Ауылға келгеннен бастап осы жерге жеткенше шағын ғана ауылдың қалай дамып, елімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырғанын көрдік. Қазақстанның әр ауылы осындай болса, еліміз ең озық мемлекеттер қатарына әлдеқашан кіретіні сөзсіз.
Иә, бұл ауыл – Иван Сауэрдың қолтаңбасы секілді. Өйткені ол ең заманауи ауылдың қандай болатынын іспен көрсеткен азамат.
Міне, бүгінгі заманның білікті басшысы мен заманауи ауылы осындай. Жол түссе, Сіз де келіп көріңіз!
Тамаша ауыл, мен неше рет талпындым осы ауылға қоныстануға бірақ болмай жатыр, көмектесіңізші екі қызым бар, студент, 1сынып оқиды менің маманым аспазшы, жесірмін, 87715901076
Гулайым