Ақмола облысында қай аудандарға қауіп төніп тұр? (ФОТО)
Әне-міне дегенше көктем келеді. Күн жылынады. Қар ериді. Тіліміз тасқа дейік, биыл қыс жайлы болды. Қаһарына мініп, қытымыр мінез таныта қоймады. Дегенмен, қар жеткілікті мөлшерде жауды. Алдыңғы аптада боран соғып, бұрқасын болды.Әрі қарай аяз басталып, тағы борандатады. Сосын қар ериді. Бірақ сол сәтте біржола еріп, бу болып ұшып, ауаға сіңіп кетпейді.Облыстағы өзендердің арнасы толысып, сай-салаға тарай бастайды. Қауіп сонда басталады.
Төтенше Жағдайлар департаментінің хабарлауынша, қазірдің өзінде Ақмола облысының 17 ауданындағы 125 елді-мекенінде су басу қаупі төніп тұр. Қазір нақты статистика жоқ, болжам бар. «Көп қорқытады, терең батырады» дегеннің кері емес, жұртшылыққа дер кезінде ақпарат берудің амалы деп санадық мұны. Ал Төтенше Жағдайлар департаментінің қызметкерлері көктемгі тасқынның алдын алу үшін қазірден бастап қамданып отыр. Қаншалықты дайын екендігі сол кезде сыналады.
Байқасақ, соңғы он жылдың көлемінде Ақмола облысының әр өңірінде өзен арналары толысып, су тасқыны жиіледі. Оның әрқайсысына тоқталып, барлығын бірдей қамту мүмкін емес. Алайда kokshe-kontent.kz тілшісі ең есте қалған, халық пен билікке залалын тигізген ауқымды оқиғаларды тізіп шықты.
2014 жыл. 11 сәуір. Таң рауаны білінер шақта «Атбасарды су басты» деген хабарды естідік. Облыстағы құтқарушылар жалма-жан сол жаққа аттанды. Көмек ретінде елордадан күштік құрылымдар тартылды. Жабай өзенінің суы арнасынан асып, 330 үйді су басты. Жергілікті халық пен құтқарушылар көшеде көлікпен емес, қайықпен жүзіп, діттеген жерге жетуіне тура келді.
2015 жылы елорда іргесіндегі Целиноград ауданының Оразақ ауылында 180-нен астам үйді су басып, жергілікті халық пен үкіметке кесірі тиді. Көп ұзамай ауылдағы жағдай тұрақталды.
Ал 2017 жылғы сәуір айында Ақмола облысының 12 ауданында қауіпті жағдай орнап, Атбасар мен Сандықтау аудандары су астында қалды. Табиғат қиқар мінез танытып, бір ғана Атбасардың өзінде 454 үйдің 269-ын су басып, 1370 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
2018 жыл. Сәуір айы. 30 мың тұрғыны бар атбасарлықтардың 700-і үйсіз-күйсіз қалды. Аудан орталығын су басты. 200 млн теңгеге салынған арнайы бөгет тасқынға шыдамады. Бұл оқиғадан кейін сол ауданның әкімі А.Никишов бөгет құрылысына бөлінген қаржыны жымқырды деген айыппен 10 жылға темір торға тоғытылды.
2019 жылы Астрахан ауданында жергілікті халықтың 20-дан астам үйін «тілсіз жау» билеп алды. Жергілікті халық абдырап, дағдарып қалды.
Ал 2020 жылғы сәуір айында Сандықтау ауданындағы Балкашино селосының үйлері суға кетті. Жабай өзені арнасынан асып, Целиноград пен Астрахан ауданына қауіп төнді.
2021 жыл…
Қыс аяқтала қойған жоқ. Алайда ТЖД өкілдері дабыл қағып, 17 ауданның 125 елді мекені, 71 жол учаскесі, 36 шақырымға созылатын 4 темір жол су астында қалуы мүмкін деген пессимистік болжам жасады. Жауапты ведомство қол қусырып отырған жоқ, әрине. «Қазгидромет» орталығымен бірлесіп, наурыз-сәуір айларындағы жауын-шашын мөлшері мен гидрологиялық болжам жасауға кірісті. Бұдан бөлек, жауапты мамандар Есіл, Шағалалы, Нұра, Қалқұтан, Жабай, Сілеті өзендерінің су деңгейі мен тереңдігін күн сайын бақылап, нормалық көрсеткішті қадағалауда.
«Көктем-2021» республикалық командалық-штабы дайындық жұмыстарын пысықтап, кез келген жағдайға дайын екендіктерін жеткізді. Қазір төтенше жағдай орын ала қалса, облыстағы 1921 құтқарушы қауіпті аймаққа жіберіледі. ТЖД айтуынша, наурыз айынан бастап өзендерде мониторингтік бақылау жасалып, күні-түні 85 бақылау посты жұмыс істейді. Бір сөзбен қорыта айтқанда, ведомство сақадай сай.
Айтпақшы, төтенше жағдайдың алдын алу мен ақпараттандыру үшін аудан әкімдіктері 205 млн.480 мың теңге қаржы бөліпті. Соған қарағанда, соңғы жылдары облыс көлемінде орын алған қауіпті жағдайлар жауапты ведомстволарға сабақ болған секілді.
Алайда жылдағы «жыр» деп биыл да «анау аудан суға кетті, ескермей қалған жай болды» демесек болғаны. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» әйтпесе.
Фото: Ашық дереккөз