Ақмола облысы су тасқынына дайын. Бірақ…
«Қазгидромет» РМК хабарлауынша, сәуір айының басында күн күрт жылынып, су тасқынының қаупі болуы ықтимал. Бұл туралы Ақмола облысы Төтенше Жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз жиыны барысында мәлім етті.
Ведомство басшысының айтуынша, су тасқынының алдын алу үшін өңірімізде 789 текше метр қар шығарылып, 22,4 мың текшені құрайтын қар суын сору жұмыстары жүргізілді. Жоғары қаупі бар аймақтарға инертті материалдарға толтырылған 9 мың қап төселді. 1,9 мың метрді құрайтын бөген тексеріліп, 103,7 мың метр аумақтағы арық пен өзен арналары тазартылды.
Су тасқынына байланысты Департамент күн сайын мониторинг жасап отырады. Дәлірек айтсақ, 1 наурыздан бастап «Гео Сат» ЖШС жергілікті карта бойынша әуеден түсірілім жүргізе бастады. Қазір өңірдегі жағдай тұрақты, әзірге алаңдауға себеп жоқ.
Күні бүгінге дейін 10 аудан аумағындағы өзендерде мұз жару жұмыстары жасалды. Оның ішінде Ерейментау, Аршалы, Сандықтау, Целиноград, Атбасар, Қорғалжын, Астрахан, Бұланды, Есіл және Шортанды аудандары бар. Сондай-ақ, Көкшетаудағы 19,8 шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жасалды.
«Қазгидромет» орталығының гидро-бекеттерінен бөлек, қазір облыста тәулік бойы судың көтерілу деңгейін бақылайтын 89 бекет жұмыс істеп тұр.
Қауіптің алдын алу үшін көктемгі су тасқыны кезеңінде 2256 адам, 1204 бірлік техника жұмылдырылады. Оның ішінде 145 мотопомп, 47 сүңгуір қайық бар.
Қазір ТЖД 477 құтқарушы, 88 бірлік техника, 12 сүңгуір қайық 103 мотопомп сақадай сай. Сонымен қатар, су тасқынының алдын алу шараларына Көкшетау Техникалық интитутының 50 курсантын, 5510 әскери бөлімінің 50, Атбасар қаласындағы 6636 бөлімінің 30 сарбазын жұмылдыру жоспарланып отыр. Оның әрқайсысынан 2 бірлік техника бөлінеді. Одан бөлек, Ұлттық Гвардияның 130 сарбазы мен 5 бірлік техникасы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
5 сәуір күні Целиноград ауданындағы жағдайды бақылап, су тасқынының алдын алу үшін 65 адам, 16 бірлік техника, 3 сүңгуір қайық, 9 бірлік мотопомп жіберілді. Егер аудандағы жағдай күрт өзгеріп, су басу қауіп төнсе, қосымша күштік құрылым қарастырылады.
- Атбасар ауданына 39 адам, 12 бірлік техника, 3 қайық, 3 мотопомп жіберіліп, су деңгейі мен жағдайды бақылауда ұстап отыр.
- Астрахан ауданында 20 адам, 4 бірлік техника, 2 қайық жіберіліп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
- Аршалы ауданына 12 адам, 3 бірлік техника, 2 қайық жіберілді.
Қазір облыстағы су тасқынының алдын алу үшін қорда 353,3 тонна жанар-жағармай, 15,5 мың тонна инертті материал, 93,9 мың қап бар. 314 шақырымды құрайтын өзен арнасы, теміржол мен автожолдар бойында орналасқан 1264 бөген тазартылды.
Сонымен қатар, қауіп төне қалған жағдайда 222 эвакуациялық пункт жұмыс істейді. Қазір облыстық бюджет резервінде 643,4 млн теңге бар. Оның 10 млн.теңгесі төтенше жағдайлар кезінде жұмсалса, 633,4 млн.теңге төтенше жағдай кезіндегі басқа да қажеттіліктерге беріледі.