Ақмола облысының аумағында 14 млн. 613 мың гектар жер бар. Қазіргі дерек бойынша ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер аумағы 10 млн.800 мың, егістік – 5 млн.550 мың, жайылымдық жерлер 4 млн.419 мың гектарды құрайды.
Ақмола облысы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовтың айтуынша, өңірде жерді тиімді пайдаланатын 4802 шаруа қожалығы бар. Бүгінде олардың үлесінде 2 млн. 445 мың гектар жер пайдалануға беріліп отыр.
Ал үкіметтік емес, жеке шаруа қожалықтар саны 1190. Олардың үлесіндегі жер 8 млн. 331 мың гектарға жетеғабыл.
Енді өңірде пайдаланылмай жатқан жер аумағы мен жайылымы тарылған елді-мекендердің мәселесі қалай шешіледі? Жерді қалай алуға болады?
Жалға берілген және берілетін жерге қойылатын талап қандай? Осы және өзге де сұрақтарға Ақмола облысы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов, Ақмола облысы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Ерғали Шорин, Ақмола облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина жауап берді.
2016 жылғы 6 мамырдан бастап күні бүгінге дейін Жер кодексіне мораторий жарияланды. Биыл 25 ақпан күні Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жер реформасына қатысты пікір білдірді.
«Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл — мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет.
Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек.
Екіншіден, бір айдың ішінде жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек.
Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын.
Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету.
Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше аламыз деп сенемін. Бұл шешімдер, ең алдымен, ел экономикасын дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды», — деген болатын Президент.
Бұл жиыннан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін жер реформасы бойынша Комиссия құрылды.
Осыған байланысты ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин «Жер реформасы бойынша комиссия құру туралы» 19.03.2021 ж. № 62-ө өкімге қол қойды.
Құжатта комиссияның жалпы ережелері, міндеттері, комиссия жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі мен құрамы бекітілген.
Енді Жер реформасына қатысты қандай жаңалық болады? Жер комиссиясы не шешеді? Оны алдағы уақытта хабардар етіп отырамыз.
Ақмола облысының әкімі «Астана Моторс» ҚМК-нің өкілдерімен кездесті